Теміртауда га балоны жарылған үйлерге 100 миллион бөлінбек: аз ба, әлде көп пе?
Әлеуметтік желі дүр сілкінді. Бұған біраз уақыт бұрын газ балоны жарылып, қабырғасына зақым келген үйлердің кіребересін жөндеуге 100 млн.теңге қаражат бөлінгені себеп болды. Ел кіреберіс үшін бұл қаражаттың тым көп екенін айтуда. Анығы не?
Теміртау қаласында 6 және 2 ықшамаудандардағы көппәтерлі үйлерде газ балон жарылып, бірнеше пәтерге зақым келген болатын. Қираған кіреберіс пен пәтерлерді қайта қалпына келтіру үшін қыруар қаражат қажет. Бұл тұрғындар қалтасына ауыр салмақ салады. Сондықтан, жөндеу жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүргізілмек. Құрылыс жұмыстары барысында тұрғындар пәтерлерін әкімдікке сата алады.
Металлургтер даңғылы бойында орналасқан №5/2 үйдегі төтенше жағдай 2022 жылдың 16 тамызында орын алған еді. Жарылыс салдарынан үшінші қабаттағы пәтердің қабырғалары жарылып, едені опырылған. Тұруға қауіпті болғандықтан, үйдің екінші кіре берісі толықтай жабылып, қаңырап қалды. Ал, биыл 6 ықшамаудандағы №55 үйде жарылыс болып, бірнеше пәтерге зақым келді. Бұл кіре берістерді жөндеу міндетін қалалық әкімдік өз мойынына алып отыр. Қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, плиталарға тапсырыс берілген. Әйтсе де, жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлер әлі анықталмапты. Егер тұрғындар пәтері мен кіреберісті қайта қалпына келтірген соң да, бұл үйде тұрғысы келмесе, онда әкімдікке сата алады. Кейін қала билігі сатып алынған пәтерлерді кезекте тұрған азаматтарға ұсынады.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 100 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл ақшаға кіре берістерді жөндеу және пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстары енгізіліпті.
Өз тілшімізден.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз