Бизнеске кедергі азаяды

Нарықтың заңдылықтарға арқа сүйеген елдің экономикасы шағын және орта бизнестің әлеуетіне тәуелді.  Егер кәсіпкерлік белең алып, еркін құлаш сермесе, онда мемлекеттің де қазынасы толып, шаруашылығы дөңгеленіп кетер еді. Әйтсе де, елімізде әлі күнге дейін бизнестің адымын еркін аштырмай отырған әкімшілік кедергілер бар. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, биылғы Жолдауында экономиканы дамытудың жаңа үлгісіне көшудің басымдықтарын айшықтап берген еді.

Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Жиында сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президенттің 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 2 есеге дейін ұлғайтып, табысты 450 млрд.АҚШ долларына дейін жеткізуді тапсырғанын алға тартты.

Бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Осы ретте, шағын және орта бизнес экономиканы дамытудың маңызды драйверлерінің бірі болуы тиіс. Жалпы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі», — деді Мәулен Әшімбаев.

Бұл тұрғыда Сенат төрағасы Парламент Үкіметпен бірлесіп, тиісті нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жолында үнемі белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Қазір депутаттардың қарауындағы құжаттардың қатарында бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасы да бар. Бүгінгі іс-шарамыз аталған заң жобасының сапасын арттыруға да оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Елімізде бизнесті дамыту бағытында арнайы ұлттық жоба қабылданғаны белгілі. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Кәсіпкерлерге жан-жақты және кешенді қолдау көрсетіліп отыр. Шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий жарияланғаны да белгілі. Ол осы жылдың соңына дейін қолданыста болады. Әкімшілік жүктемені азайту бағытында да біраз іс-шаралар жүзеге асырылды. Осындай жұмыстарды алдағы уақытта жаңа қарқынмен жүргізуіміз қажет. Бүгінгі Үкімет сағаты бұл бағыттағы маңызды бастамаларды жан-жақты талқылып, тұжырымдауға мүмкіндік береді деп сенеміз», — деді Мәулен Әшімбаев.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз