Теміртауда құбырларды қаптау жұмыстары жүргізілуде

Қаламызда құбырлар желісін қаптап, орау жұмыстары басталды. Бұл құбырды қыстың қақаған аязы мен сыртқы тозудан сақтау үшін қажет шара. Қазіргі таңда қала бойынша бірнеше бригада қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Қалың қар жауып, ызғар түскенше жазда ғана жөндеуден өткен кварталішілік құбырларды орау жұмыстарын тәмамдап үлгеруі керек.

Фото: «Индустриальная Караганда»

– Біз жөндеу жұмыстарынан кейін құбырлардың орамын қалпына келтіру бойынша график әзірледік. Жылдың соңына дейін 3 шақырым құбырды ораймыз. Қазірге дейін межелі істің 200 метрі орындалды. Қолданыстағы материалдардың сапасы жақсы, — дейді «Оқжетпес-Т» ЖШС техникалық директоры Владислав Ким.

Құбырларды қаптау жұмыстарын кәсіпорын өз күшімен жүргізіп жатыр екен. Суыққа ұрынбай, үлгеру үшін бірнеше бригада құрылған. Сонымен қатар, коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындарға өз еріктерімен құбырларды қолда бар материалдармен орамау керегін ескертеді. Бұл жанашырлық емес, қайта зиянкестік әрекет болуы мүмкін. Өйткені, қолға ілінген ескі күрте, көрпе тәрізді дүниелер ылғалды бойына тез сіңіріп, құбырды шіріп кетуіне тікелей ықпал етеді. Егер үйіңіздің іргесіндегі құбыр оралмаған болса, онда «Оқжетпес-Т» ЖШС кезекші қызметіне хабарласу қажет. Кәсіпорын мамандарын жіберіп, орау жұмыстарын жүргізеді.

Өз тілшімізден.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз