Теміртауда коммуналдық техникалардың қысқа дайындығы тексерілді
Қараша жылымықтанып тұр. Десек те, қыстың салқын ызғары қазірден-ақ сезіле бастағандай. Бірер айдың мұғдарында апталап соғар ақ боран мен сақылдаған сары аязға да ілінеміз. Коммуналдық қызмет өкілдерінің қарбалас жұмысқа кірісер шағы осы. Аспаннан жауған қар да, тұрғындар тарапынан төпелеген арыз-шағым, сын-пікір де ең алдымен осы саланың өкілдеріне бағытталады. Сондықтан да, қыстың қамын жаз ойлап, сақадай сай болу – маңызды.
Бұрнағы күні Қала әкімі Ораз Тәуірбеков пен қалалық мәслихат хатшысы Алексей Ломакин бастаған топ коммуналдық техникалардың қысқа дайындығын тексеріп қайтты. Алаңға қаланы қыста қар мен мұздан аршуы тиіс мердігерлер мен субъмердігерлердің техникаларым мен қызметкерлері жиналған екен. Көңілдері көтеріңкі. Айтуларынша қысқа дайындықтары қарқынды екен. Бұған биыл алғаш рет қолданылған үш жылдық бюджет жобасы да оң ықпалын тигізіпті.
— Биылдан бастап қалада коммуналдық қызметке 3 жылдық бюджетті бекіту бастамасы қолға алынған болатын. Оның жұмыс сапасын арттыруға жағымды ықпал тигізіп отырғанын аңғардық. Өйткені, мердігерлер 3 жылға келісім-шартқа отырған соң, алаңсыз жұмыстарын істеп, қажет техникаларын да жаңартып отыр, — деді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Биыл қыста қаланың тазалығына 5 компания жауап бермек. Олардың барлығымен үш жылға келісім шарт жасалған. Жалпы бөлінген қаражат көлемі 1 млрд.теңгеден асады. Мердігерлерге қаражат істелген жұмыстың көлеміне қарай төленіп отырмақ.
— Мердігерлерде жолдарды қар мен мұздан тазартатын 70 техника бар. Сонымен қатар, көктайғақ кездерде төселуі тиіс қоспалар да алынған. Біз полиция бөлімшесінің мамандарымен тексеріп өттік. Жалпы қыс бойы 82 адам жұмысқа шығады деп күтілуде. Біз барлық мердігердің техникасын, жұмыс күшін базадан қарап, арнайы барып тексеріп шыққанбыз, — дейді «Теміртау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы Қанат Хасенов.
Қала басшысы техникалардың қысқа дайындығын тексеру барысында сапаға да айрықша мән беру қажет екеніне тоқталды. Мәселен, Әлеуметтік қала тұрғын аймағындағы жер үйлердің иелері тарапынан жол тазалаушыларға жиі шағым айтылады екен. Яғни, жолды тазартушы техникалар қар үйіндісін есікті алдына дейін үйіп, кіріп-шығуға кедергі келтіреді. Ораз Қайсаұлы алдағы қыста мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуді тапсырды. Жиналған қар үйіндісі тұрғындарға кедергі келтірмей, бірден шығарылуы тиіс.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз