Теміртауда мұсылман зиратының жолы қашан жөнделеді?
Қала іргесіндегі мұсылман зиратының жолы талайдан бері жыр болды. Әсіресе қардың көбесі сөгілер көктем мен ақ жауыны толастамайтын күз маусымында талайды машақатқа салып қоятыны бар. Биыл да бұл мәселе әлеуметтік желіде кезекті рет көтерілген болатын. Түйткілді мәселенің түйіні биыл толық шешіледі екен.
— Зират орналасқан аумақ Бұқар жырау ауданының жері болатын. Біздің әкімшілік аумақта болмағандықтан, оның жолын жөндеуге қаражат бөле алмай келдік. Былтыр бұл мәселе түбегейлі шешілді. Қалалақы ардагерлер алқасының бастамасымен зират орналасқан аумақ Теміртау қаласының әкімшілігіне беріліп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына алынды. Жол жөндеуге қажет қаражат бөлініп, мердігер компания анықталуда. Бұйыртса, мамыр айының соңына қарай 2 шақырым жол толық жөндеуден өтеді және әрі қарайғы күтіп ұстау мәселесі де қарастырылады, — дейді Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ринат Қыдырбеков.
Бөлім басшысының айтуынша, жолды жөндеу үшін 132 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген екен.
Айта кету керек, биыл қаламызда 48 шақырым жол орташа жөндеуден өтпек. Ол үшін 2 млрд 760 млн теңге қаржы бөлініп отыр екен. Өткен жылы бұл сомма тек 1 жарым миллиардқа жуықтаған болатын. Яғни қаржы екі есеге өсіп отыр.
Қала басшысы Ораз Тәуірбековтің айтуынша, биыл Мичурина көшесі (4,5 км), Республика (8км), Абай (1,5 км) көшелері орташа жөндеуден өтеді. Сондай ақ, Заводская,Колхозная, Школьная, Отрадное, Соц қаланың көшелерін (Брусиловский, Төлебаев, Ватутин, Озерная, Сарыарқа, Азербаев, Полетаев, Луначарский) жөндеу жоспарланған.
Өз тілшімізден.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз