Теміртауда жаңа мешіт салу бастамасы көтерілді
Бүгін Теміртау қаласының достық үйінде ақсақалдар, кәсіпкерлер және мешіт жамағаттарының қатысуымен қоғамдық тыңдалым өтті. Күн тәртібіне қойылған мәселе — үшінші мешіт құрылысына рұқсат алу. Жиын барысында «Жаңа мешіт қай жерде салынады?», «Құрылысты кім қаржыландырады?» деген сауалдар талқыланып, ортақ шешімі айтылды.
- Теміртау жыл артқан сайын қазақыланып келеді. Мешіт жамағаттарының да саны артқан. Көпшілік жаңа мешіт ашу қажет екенін айтып жүр. Бұл іске білек сыбына кірісуге әзір кәсіпкерлер де бар. Бүгінгі таңда Мир даңғылы 25А мекен-жайы бойынша орын анықталды. Бұл жерде бұрын жанар-жағар май құю станциясы болған. Айналасы бос. Құрылыс жүргізуге қажет жағдайлар бар. Басты талап — көпшіліктің қолдауын және құзырлы органдардың рұқсатын алу, — дейді қалалық мәслихат депутаты Нұрхан Нұрмаханов.
Жаңа мешіттің құрылысына бюджеттен бір тиын да жұмсалмайды. Шығындарды кәсіпкерлер толықтай өз мойындарына алып, жұмысты соңына дейін жеткізбек. Жоспар бойынша, мешіт шағын, 250-300 адамдық болады.
- Жамағаттарымыздың саны артып келеді. Жұма намаздарда мешітке сыймай қалатын кездері де бар. Сондықтан жаңа мешіт қажет деген пікірдеміз. Әрі оның шағын болғаны да дұрыс. Өйткені, мешіт өз шығындарын толықтай өзі өтейді. Үлкен мешіттің коммуналдық шығындары көп болатынын білесіздер. Ұстап тұру қиын. Ал, шағын мешіттер бұл тұрғыдан алғанда тиімді әрі халыққа да қолжетімді, — дейді Жақып Ақбай мешітінің бас имамы Жанболат Қошкелді.
Қоғамдық тыңдалым нәтижесінде қалың көпшілік мешіт ашу бастамасына бірауыздан қолдау білдірді. Жиын хаттамасы мен жиынға қатысқан 90 адамның қолы қойылған қағаздар рұқсатнама алу үшін тиісті мемлекеттік мекемелерге жолданды.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз