Теміртауда жол жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

«Теміртаудың жолы тозып тұр». Бұл әлеуметтік желіде қала тұрғындары жиі көтеретін тақырып. Рас, кейінгі жылдары қала көшелерінде көлікпен жүру машақатқа айналғаны бар. Орталықтың өзі оңып тұрмаған соң, сыртқы жолдар туралы айтудың өзі артық болар. Әйтсе де, атқарушы билік өкілдері бұл мәселе оңынан шешіледі деп отыр. Қазірдің өзінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынған. Иә, биыл талай жылдан бері айтылып келе жатқан мұсылман зиратына баратын жол, Пионер лагеріне апаратын жол қайта жөнделеді. Сонымен қатар, қаланың ішкі көшелерін жөндеу, олардың сапасын қадағалау мәселелері де назарда болмақ.

Лагер жол жөнделеді

Тамызға дейін Пионер лагеріне баратын жол жөнделеді. Былтыр бұл жолдың 1,5 шақырымына «ДорСтрой» ЖШС асфальт төсеген болатын. Биыл жөндеу жұмыстары жалғасады. Бірінші кезекте жол фрезерленіп, кейін жаңа асфальт төселеді. Мердігер компания бұл жұмысты белгіленген уақытта аяқтайтынын айтып отыр.
Дәл осы компанияның бастауымен Республика даңғылы бойынша 2,5 шақырым жол фрезерлеуден өтті. Қазір асфальт жабындысын төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Қазір жолды тазалап, асфальтқа дайындауда. Мердігердің айтуынша, жалпы жұмыс 2-ші маусымда басталды. Ауа-райы жақсы болатын болса, алдағы 2-3 аптада жұмысты аяқтайды.

Мазарға апарар жол қашан жөнделеді?

Қала шетіндегі мұсылман зиратына баратын жолдың жайы бірнеше жылдан бері көтеріліп келген еді. Көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілді мәселенің түйіні шешілер күн жақын. Биыл жолды жөндеуге қаражат бөлініп, дайындық жұмыстары басталып кетті. Егер ауа-райы қолайлы болса, құрылыс жұмыстары 26 маусымда басталуы тиіс. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін созылады.

Техникалық бақылау күшейді

Өткен аптада қала әкімі Ораз Тәуірбеков қалада жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың техникалық қадағалауы әлсіз екенін айтып, қатаң ескерту жасаған болатын. Сондай нысандардың бірі – Мичурин көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары. Мердігер 20 метр жерге алдын ала битум төсемей, ақ шаңның үстіне асфальт төсеген. Әлеуметтік желідегі тұрғындар наразылығынан соң, нысанға қала әкімі барып, сапасыз жол қайта сүрілді. Қазір барлық нысан техникалық қадағалаудан өтуде.
– Мен «Артерия» компаниясының өкілімін. Біз Мичурина көшесі бойынша техникалық бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі таңда барлық жұмыс құжаттарға сай жүргізілуде. 2 шақырымдық жолға фрезерлеу жұмыстары жүргізіліп, асфальттың бірінші жабыны төселді, – дейді жол маманы.

Заводская көшесінің жайы

Қазіргі таңда Заводская көшесінде жол жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Фрезерлеу жұмыстары жүргізілді. Теміртау қалалық тұрғын-үй шаруашылық бөлімі, көлік жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Ескендір Қабиолданың сөзінше, газ құбырларын жөндеу жұмыстарына байланысты жол құрылысы уақытша тоқтап тұр. Жолды ретке келтіру шаралары шілде айының басында бастау алады.

Қымбат БАҚЫТКЕЛДІ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз