Теміртауда жылу тапшылығы салдарынан жаңа үй тұрғызу уақытша тоқтатылады

Қаламызда көппәтерлі 4 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Солардың бірі – 9 ықшамаудандағы үй. Бұл жерге бұрын да үй тұрғызылған болатын. Әйтсе де 3-қабатқа жеткен тұста қабырғасында жарық пайда болып, қайта сүрілген. Құрылыс бөлімінің басшысы Нұржас Жәкітайдың айтуынша, қайта салынып жатқан үйдің сапасы барлық стандартқа сай келеді.

— Бұл жерде 2019 жылы үй тұрғызылған. Бірақ, іргетасынан ақау шығып, ол тұтас үйдің құрылымына нұқсан келтірді. Сондықтан сот шешімі арқылы жұмсалған қаражат толықтай бюджетке қайтарылды. Ал, мердігер құрылысты сүріп, бастапқы қалпына келтірген. Осыдан соң жер қыртысына бірнеше мәрте сынама жүргізілді. Содан соң бірнеше метр тереңдікте котлован қазылып, 1,2-2 метрге дейін топырақ төселді. Оның үстінен қалыңдығы 1 метр болатын бетоп құйылып, тек, содан кейін ғана іргетасын көтеру жұмыстары басталды, — дейді Нұржас Жәкітай.
Бүгінде құрылыстың негізгі бөлігі аяқталған. Мұнда қазір шатырын орнату және ішкі әрлеу жұмыстары қалыпты. Тұрғын үйде 3 кіреберіс бар. Жалпы құрылысқа – 895 млн.теңге көлемінде қаражат жұмсалыпты.
— Қазір құрылыс басында 45 адам еңбек етіп жатыр. Олар электриктер, сылақшылар, ұсталар, тасқалаушылар және басқа да сала мамандары. Құрылысшылардың барлығы өзіміздің штаттық бірліктегі азаматтар. Ұзақ жылдан бері осы фирмада жұмыс істеп келе жатыр. Біз сырттан адам тарта қоймаймыз, — дейді «КазТемирСтрой» ЖШС шебері Айгүл Аринова.
Үй тұрғындарға жөнделген күйде ұсынылады. Яғни, кілтін алған азаматтар бірден кіріп, қоныстана береді. Нұржас Жәкітайдың айтуынша, баспана кілті кезекте тұрған азаматтарға табысталады. Пайдалануға мамыр айында берілуі тиіс.
Тағы бір айта кетерлігі, қазір қаланың 4а орамында да үш үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар осы жылдың жаз айында пайдалануға берілмек. Осыдан соң жаңа тұрғын үй салу уақытша тоқтатылады. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету екінші нарықтағы үйлерді сатып алу есебінен жүргізімек.
— Биылша осы 4 нысанның құрылысымен шектелеміз. Өздеріңіз де білесіздер, қазір қалада жылу тапшылығы байқалады. Сондықтан, жалдамалы баспана құрылысын жүргізуді жоспарлап отырған жоқпыз, — дейді Нұржас Жәкітай.
Болжам бойынша, биыл кезекте тұрған 2500 азаматтың 320-ы баспана кілтін алады.

Өз тілшімізден.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз