«TEN QOGAM» ТЕҢДІК ҰСЫНАДЫ

Өткен аптада «Arlan motors» бизнес орталығында «Ten Qogam» ұйымының Ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында жергілікті атқарушы орган өкілдері мен депутаттар мүмкіндігі шектеулі адамдарға денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, құқық қорғау мәселелері жөнінде кеңес берді.

Өткен жылы жұмысын бастаған бұл ұйымның басты міндеті — азаматтарға әлеуметтік, құқықтық кеңес бере отырып олардың жұмысқа орналасуына, жеке кәсіп бастауына қолғабыс көрсету. Сонымен қатар тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларды үйрету де қарастырылған.

Қаламыздағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен ашылған жоба жетекшісі — Аслан Кабегенов. 2022 жылдың 10 қазанында Қарағанды қаласының Әлеуметтік мәселелер және жұмыспен қамту орталығының жанынан ашылған «Ten Qogam» ұйымы өз жұмысын бастады.

— Орталыққа бір келген адам екінші рет міндетті түрде қайта оралады. Кеңеске жүгінгендердің көбі әуелде туындаған қиындығын айтып көзіне жас алса, екінші келгенде мәселесінің шешілгеніне ризашылығын білдіреді. Орталықта жұдырықтай жұмылып жұмыс жасап жүрген Бақтыгүл Дүйсенқызы, Саягүл Нәсенқызы, Жанар Маратқызы, Есенгүл ханым мен Бауыржан Орманұлына басымды иіп алғыс айтамын, — дейді Аслан Берікбекұлы.

Техникалық сипатқа орай жыл сайын 300 адамға қызмет көрсету жоспарланған. Биыл алғашқы жартыжылдықтың өзінде 1 жылдық жоспар екі есе орындалып, 600-ден астам азаматқа қызмет көрсетілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық азаматқа қолайлы да жайлы инфрақұрылым жасақтау тапсырылды. Бұның ішінде «Ten Qogam» ұйымы осал топтағы адамдардың сұранысын қанағаттандырады деген ойдамыз.

Қымбат БАҚЫТКЕЛДІ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз