ТІЛ ТУРАЛЫ ТАЛАП ЕСКЕРІЛМЕДІ: Теміртауда мәслихаттың алғашқы сессиясы қалай өтті?
«Теміртау қалалық мәслихатының сессиялары мен іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс». Бұрнағы күні осы шақырылымда халық сеніміне ие болып, мандат иесі атанған 17 депутаттың тоғызы дәл осылай талап қойған-ды. Құр сөзбен емес, заңға сүйене отырып, Мәслихаттың аппарат басшысы мен қалалық сайлау комиссиясы төрағасының атына Жолдама жіберген. Кеше мәслихаттың алғашқы сессиясы өтті. Көптің күткені заңға сүйене отырып қойылған талаптың қалай орындалары еді? Әйтсе де, баяғы жартас, сол жартас күйінде ғана қалып қойғандай…
Қалалық мәслихаттың алғашқы сессиясына қала әкімі Ораз Тәуірбеков, мандат иесі атанған депутаттар, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алғашқы отырысты қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Наталья Шевченко тізгіндеп, сайлауда жеңіске жеткен азаматтарға «Мәслихат депутаты» куәлігі мен төсбелгілерін табыстады. Сондай-ақ, сайлау комиссиясының процесінің қалай өткені туралы есеп берді. Бұдан бөлек, алғашқы отырыста «Amanat» партиясы мен «Ақ жол» партиясының фракциялары тіркелді.
Өз кезегінде қала әкімі Ораз Тәуірбеков мәслихат депутаттарына сәттілік тілеп, алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндіктеріне сенім білдірді.
– Қазір елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауқымды реформалар мен саяси жаңғыртулар жүріп жатыр. Бұл сайлау да соның жарқын мысалдарының бірі. Ресми статистикаға сүйенсек, сайлау нәтижесіне қалалық мәслихат құрамы 76 пайызға жаңарған екен. Бізді алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Жылдар бойы шешімін таппай, қордаланып келген мәселелер бар. Одан бөлек, қаланың келбетін арттырып, тұрмысын жақсартуға бағытталған кешенді жобалар мен жоспарларды бекіту керек. Бюджет бөлу мәселесі де бар. Мұның барлығын сіздермен бірге талқылап, ортақ мүдде жолында бірігіп еңбек етеміз деген сенімдемін, – деді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Мәслихат төрағасын сайлау. Бұл ретте «Amanat» партиясының фракциясы Алексей Ломакиннің кандидатурасын ұсынса, «Ақ жол» партиясы Азиз Оралұлын лайық көрген-ді.
– Өздеріңіз білесіздер, әкімшілік қызметкерлері жоғарыдан сайланады, ал, мәслихат депутаттарын халық сайлайды. Яғни, мәслихат билік пен халық арасындағы алтын көпір. Теміртау Теміртау болғалы мәслихатты қазақ тілінде сөйлей алатын адам ешқашан басқарған жоқ. Қала халқының құрамы қазір бұрынғыдай емес. Бәлкім, қазір бұл мәліметтер ескірген шығар, қолда бар ақпаратқа сүйенсек, әкімшілік ұсынған деректер бойынша қалада 31 пайыз қазақ тұрса, ҰҚК деректерінде 43 пайыздан асып кеткені айтылады. Бұлардың басым дені Өзбекстан, Моңғолия тәрізді сырт мемлекеттен қоныс аударған қандастарымыз. Олардың барлығының айтары, жеткізері бар. Ал, олардың қалауын тыңдайтын өкілдер жоқ. Бұлай айтып отырған себебім, карантин уақытында жас жігіттер жанжалдасып, екі қазақ баласы ұзақ мерзімге сотталды. Халық бұл үкіммен келіспейтінін жеткізіп, әкімдік алаңына жиналған кезде, олардың талап-арызын тыңдауға, басу айтуға шыққан мәслихат өкілі болған жоқ. «Қаңтар» қырғыны кезінде де дәл солай болды. Сондықтан да, қалалық мәслихат төрағалығына қос тілді қатар меңгерген, тұрғындармен мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де еркін пікір алмасып, жауап бере алатын Азиз Оразұлын ұсынып отырмыз, – деді депутат Нұрхан Нұрмаханов.
Осыдан соң, мәслихат төрағасын анықтау ашық дауысқа салынды. Алексей Ломакиннің кандидатурасын 11 адам құп көрсе, Азиз Оразұлын 5 адам лайық деп таныды. Тағы бір адам қалыс қалуды жөн көрді. Осылайша, көпшілік дауысты иеленген Алексей Борисұлы Ломакин осы шақырылымдағы қалалық мәслихаттың төрағасы болып сайланды.
Келесі кезекте мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және олардың төрағасын сайлау жайы талқыланды. Көпшіліктің мақұлдауы бойынша, 4 бағыт бойынша тұрақты комиссия құрылды. Атап айтқанда:
Бюджет, өндіріс және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға Асқар Муфтиханұлы Ахметов, Сергей Васильевич Урываев, Максим Александрович Хохлов, Қуандық Балтабайұлы Нұрпейісов мүше болды.
Заңдылық, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға Сағадат Бағдатұлы Қуаныш пен Нұрхан Әлиұлы Нұрмаханов мүше болды.
Құрылыс, көлік және коммунальдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға Василий Иванович Свиридов, Ақан Саттурсынұлы Еспотаев, Алексей Владимирович Давыдов, Оралбек Мырзаханұлы Шамшиев, Арман Ғабидоллаұлы Абилхасынов мүше болды.
Жастар ісі, білім беру және мәдениет пен спорт жөніндегі тұрақты комиссияға Баян Кенжебайқызы Мамитова, Алена Юрьевна Хегай, Антон Олегович Кузнецов, Салтанат Ермекқызы Ақбергенова мүше болды.
Сөз басында көпшілік мәслихаттың алғашқы отырысынан көп үміт күткенін айтқан болатынбыз. Өйткені, 17 мандат иесінің тоғызы құптап, талап еткен мәселе – мемлекеттік тілдің жайы ескерілуі тиіс болған-ды. Бірақ, депутаттар талабы ескерусіз қалып, отырыстың басым дені орыс тілінде өтті. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру туралы бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та пәрмен берген болатын. Алайда, оның Теміртауда жүзеге аса қоюы үшін әлі де болса ұзақ күту керек тәрізді…