«Қысқы бақ» электронды кітабы таныстырылды

Теміртаулықтар үшін «Қысқы бақтың» орны ерекше. Өйткені, мұнда Қазақстан табиғатында кездеспейтін тропикалық өсімдіктер бар. Арқаның алты айға созылар қысынан шаршаған кезде келіп, табиғат аясында тыныстауға болады. Биыл осы бір ғажайып жердің ашылғанына 30 жыл толды. Атаулы мерейтойға орай «Озат» ақпараттық-технологиялар мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары, жас экологтар электронды кітап әзірлеп, «Қысқы бақ» ұжымына сыйлады.

Өндірісі өркен жайған Теміртауға «Қысқы бақ» салу бастамасы кеңестік кезеңде көтерілсе керек. Алғашқы қазығы 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған шақта қағылып, іргетасы құйылыпты. Ал, 1993 жылдың Қаңтар айында ресми ашылу салтанаты өткен. Содан бері бұл бақ не көрмеді десеңізші. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен тоқсаныншы жылдары қыс ішінде жарық пен жылусыз қалып, өсімдіктерге қауіп төнген шақты да бастан өткерген. Қызметкерлердің жанқиярлығы мен жанашырлығы ғой. Бұрыш-бұрышқа пеш орнатып, от жаға жүріп аман сақтап қалған. Бүгінде мұнда тропикалық елдерде, шөлді аймақтарда кездесетін жүзден астам өсімдік жайқалып тұр. Мұнда қала тұрғындары демалу үшін жиі келеді. Ал, қонақтар міндетті түрде бас сұғып, тамсанбай қайтпайды. Оқушылардың да сүйікті орны. Бір әттеген-ай, интернет дәуірінде бақтың сайты жоқ екен. Ғаламтордан ақпарат іздеп, табу жағы қиындау. Экскурсияға келген балалар бақ қызметкерлері ұсынған мол ақпаратты қорытып, қайта пысықтауға қиналып қалады. Сондықтан, «Озат» мектеп-лицейі жанынан құрылған «Балауса» эко-клубының мүшелері электронды кітап әзірлеуді жөн көріпті. Жоба жетекшісі – биология пәнінің мұғалімі Арай Ержан.

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда балаларға жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеп, олардың бойындағы патриоттық сезімдерді қалыптастыру керегін айтқан болатын. Әрі Президентіміз «Отанға деген сүйіспеншілік – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес» деп атап өтті. Өте құптарлық сөз. Біз өзіміздің туған елге, жерге деген махабатымызды іспен көрсетуіміз керек. Балалар өз қаламыздағы осындай ғажайып орын туралы кітап дайындау арқылы, оның тарихымен танысты. Бақ қызметкерлерінің қиын да қызықты жұмыстары туралы білді. Бұрын бұл жерде қызық үшін келсе, енді табиғат жанашыры есебінде бас сұғатын болды, — дейді Арай Ержанқызы.

Электронды кітапқа әзірге бақта өсетін 15 өсімдік түрі енгізілген. Кітап қазақ және орыс тілінде әзірленіпті. Алдағы уақытта өзге өсімдіктер туралы ақпараттар толықтырылып, қызметкерлер туралы да мәліметтер енгізілмек.

  • Біздің оқушыларымыздың осындай үлкен іске белбуып, бастамашыл болғаны қуантады. Біз балаларға білім берумен шектеліп қалмай, олардың бойындағы адамгершілік қасиеттердің дамуына, ел азаматы болып өсуіне жағдай жасаймыз. Алдағы уақытта да клуб мүшелері бастаған жұмыстарын жалғастырып, жаңа идеялармен толықтыра түседі деген сенімдемін, — дейді «Озат» мектебінің директоры Шолпан Фаткулина

Электронды кітап таныстырылымы «Қысқы бақтың» алаңқайында өтті. Таныстырылымнан соң бақ қызметкерлері оқушыларға экскурсия ұйымдастырып, өсімдіктер дүниесі туралы ақпарат ұсынып өтті.

Айта кету керек, электронды кітап қалалық «Temirtau tynysy» газетінің сайтында және biodapter.kz сайтында орналастырылған. Іздеу жүйелері арқылы немесе арнайы QR код көмегімен кез келген оқырман көре алады.  

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз