Жаңа Қазақстанның Конституциясы: 33 бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі
1995 жылдан бері алғаш рет биыл Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өткізу туралы ұсыныс білдірді. Бастама – демократияландыру бағытын жалғастырып қана қоймай, елімізде Жаңа Қазақстан құрылысының басталып кеткенінің тағы бір айқын дәлелі.
Реформа бойынша Конституцияның үштен бір бөлігіне, атап айтқанда 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
Президент Қасым-Жомар Тоқаевтың айтуынша, референдум демократияның маңызды институты. Мұндай шара арқылы маңызды мәселелерді шешу барысында халықтың пікірі ескеріледі.
Яғни, бұл – Жаңа Қазақстанда мемлекет өміріндегі маңызды мәселелер шешімі қоғамның қатысуы мен қолдауы негізінде ғана қабылданатынының белгісі.
Елімізде референдум «Республикалық референдум өткізу туралы» Конституциялық Заңға сәйкес өткізіледі. Құжат бойынша, референдум тағайындау құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне тиесілі. Оны өткізу бастамасын Үкімет, Парламент немесе 200 мың адамнан асса, қазақстандықтардың өздері де білдіре алады. Ал, референдум өткізу туралы шешім мен қаралатын мәселелер алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Ал, комиссия дауыс беру учаскелерін құру, комиссия құрамы, орналасқан орны мен жұмыс уақыты, сонымен қатар, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімін жариялайды.
Осы орайда ел бойынша өткізілетін референдумға қатысу ерікті әрі азамат 18 жасқа толуы тиіс екенін айту керек. Егер адамды сот әрекетсіз деп таныған болса, сондай-ақ, бас бостандығынан айырылғандар референдумға қатыса алмайды. Ал, басқа жағдайда ешкімнің құқығы шектелмейді.
Референдум өткізу кезінде қазақстандық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатыса алады. Олардың өкілеттігі Орталық референдум комиссиясы белгілеген тәртіппен куәландырылады. Өкілдер мен байқаушылардың референдум комиссияларының жұмысына араласуына жол жоқ.
Негізгі Заңға енгізілген өзгерістердің мазмұнына тоқталар болсақ, ұсынылған өзгерістер бойынша Қазақстан өлім жазасынан түпкілікті бас тартатынын айту керек. Мәселен, қазіргі редакциядағы 15-бап бойынша террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ, соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін өлім жазасы бар. Бірақ, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.
Одан бөлек, реформа аясында билік тармақтарының функцияларын оңтайландыру, олардың өкілеттіктерін өзара да, орталықтан да жергілікті басқару органдарына қайта бөлу жүргізіледі. Басқару формасы да өзгереді, супер-президенттік формадан президенттік формаға көшу болжанады. Яғни, Президент тең ойыншы ретінде қарастырылатын болады.
Конституцияның 6-бабында халық жер мен табиғи ресурстардың иесі деген норманы бекіту көзделеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асырады» деген болатын.
Референдум табысты жүзеге асырылған жағдайда Жаңа Қазақстанның азаматтарына Конституциялық сотқа өз бетінше жүгіну құқығы беріледі.
Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы бойынша Сенаттағы президенттік квота 15-тен 10 депутатқа дейін қысқарады, олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Осылайша, Мемлекет басшысы Мәжілістегі ҚХА квотасын жоюды ұсынды, ол Сенатқа ауыстырылады және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқартылады. Тиісінше, Мәжілістегі депутаттық орындардың жалпы саны азаяды.
Жаңа Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жасалған ұсыныстар арасында мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік беретіні жайлы да айтылған.
Реформа еліміздегі сот және құқық қорғау жүйесіне өзгерістер енгізуді де көздейді. Ал, бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Бұл заңның 23-бабының 1-тармағы бойынша қарастырылады.
Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметіне байланысты Конституцияда жаңа, яғни 83-1 баптың да енгізілетінін айту керек. Оның негізінде уәкіл адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал ететін болады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен белгіленетінін де айту керек.
Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады. Олардың ішінде басым бөлігі шығарылған мәселені жақтап, дауыс берсе, оң шешiм қабылданады.
Салтанат ІЛИЯШ.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз