Жазылған жайдың жаңғырығы
«Temirtau tynysy» қалалық қоғамдық-саяси газетінің (31.03.2023) кезекті нөміріндегі «Тіл туралы талап ескерілмеді: Мәслихаттың алғашқы сессиясы қалай өтті?» мақаланы оқып шықтым. Осы мақаладан мандат иелері атанған 17 депутаттың қандай бағытта комиссия мүшелігіне лайықты саналғаны белгілі болды. Күн тәртібіндегі мәселе — Мәслихат төрағасын сайлау болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен ауқымды реформалар, саяси жаңғыртулар енгізіліп жатыр. Бұған халықтардың көзқарасы қандай?
Менің өткен өмірім осы Теміртау қаласының тарихымен тығыз байланысты. Елу жылда қаламыздың тұғыры биіктеліп, мәртебесі едәуір көтеріліп келеді. Қандастарымыздың туған Отанына оралуы мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне үлесін де қосып келеді. Келешекте ұлттық жүйеде ана тіліміздің мәртебесі биік деңгейде дамуы тиіс. Қала басшысы Ораз Тәуірбековтің мәслихат депутаттарымен тікелей байланыста бола отырып, ұлттық құндылықтарымызға оң көзімен қарайтынына күмәнім жоқ. Осы орайда, депутат Нұрхан Нұрмахановтың сөзін құптар едім. Яғни, мәслихат төрағалығына мемлекеттік тілде және орыс тілінде еркін сөйлеп, тұрғындармен пікір алмаса алатын азаматты сайлау керек еді. Бірақ, сайлауда көпшілік дауысқа ие болған «Amanat» партиясы фракциясының өкілдері қазақшасы амандасудан әріге аспайтын Алексей Ломакиннің кандидатурасын ұсынған екен. Көпшілік дауыспен сайлағаны тағы бар…
Депутат сайланған мәслихат мүшелері қай-қайсысы болса да, мемлекеттік тілді жақсы меңгеруі керек. Моңғолия, Қытай, Өзбекстан елдерінен қоныс аударып келген қандастармызбен дұрыс сөйлесіп, дұрыс жауап бергені көңілге нұр себері сөзсіз. Мәслихат төрағалығына Азиз Оразұлын сайлағандары дұрыс болатын еді. Еңбек ардагерлері де бірауыздан қолдайды. Ана тілін ақысыз оқыту бағдарламасы тиянақты жүргізіліп келеді. Өзге тілді меңгеру — өздері үшін ғана қажет.
Қалаға жаңадан келген әкім Ораз Тәуірбеков осы айтылып жатқан мемлекеттік тілге көңіл бөледі деген ниеттеміз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дегім келеді. Әр ұлттың ар-ожданы – ұлттық тілі, ана тілімсіз — жыр-әніміз жазылмайды. Олай болса:
«Өз тілім – тұмарым, жүрегім лүпілдеген,
«Қос тіл»десе, сыздайды бүкіл денем.
Жерімізде тұрған өзге ұлыстарға,
«Үйренсін, қазақ тілін, білсін! — дер ем».
Советгүл Бекбосынқызы,
Ардагер ұстаз.