Жол. Қоқыс. Су: түйткілді мәселенің түйіні
Қала шешімін таппаған күрделі мәселе көп. Қай саланы түртіп қалсаң да, сау етіп қаншама мәселе қылаң берері анық. Дәл қазір елді алаңдатып отырған басты мәселе – жолдың жайы мен үйілген қоқыс. Одан қалса ыстық су мен ауыз су мәселесі тағы бар. Кезек күтірмес күрделі мәселелер бойынша қала әкімінің орынбасары Ринат Қыдырбеков жауап берді.
Жол
— Ең алдымен жол мәселесіне тоқталсақ. Бізде биыл ауқымды жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазір мердігерлер анықталып, жұмыс басталып та кетті. Орталық көше – Металлургтер даңғылының жұп жағында мердігер компания өз қаражатына шұңқырларды бітеу, тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір аяқтауға жақын қалды. Осыдан соң, тақ жағын жауып, күрделі жөндеу жүргізу көзделуде. Жоба 2 жылға жоспарланған. Межелі уақытта жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз деген сенімдемін. Сондай-ақ, Қарағанды, Аманжолов, Сәкен Сейфуллин көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Оң жағалауда Северный көшесін жөндеу де жақын уақытта басталады. Ай соңына дейін бірқатар жұмыстар аяқталуы тиіс, — дейді қала әкімінің орынбасары.
Иә, қазір қалада көлік қозғалысы қиындаған. Өйткені, Абай көшесі мен Б.Момышұлы даңғылы қиылысар тұс жабылып, құбыр ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Көліктер Металлург даңғылы мен Абай көшесінің қиылысы арқылы бұрылуға мәжбүр. Ал, ол жақта асфальттың беткі қабаты сүріліп, жөндеу жұмыстарына әзірленгендіктен таңғы және кешкі уақытта көлік тығыны пайда болып, қолайсыздық туғызады. Әлеуметтік желіде жұрт «ең алдымен Металлург-Абай қиылысын асфальттау қажет еді» деген пікір жазған еді. Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, биыл бұл жерде күрделі жөндеу жүргізілетіндіктен асфальт төсеу – тиімсіз. Әрі дәл осы жол бөлігінде шұңқырлар көп болғандықтан, жағдайды сәл де болса жеңілдету мақсатында асфальттың беткі қабатын сүру туралы шешім қабылданған екен.
Қоқыс
«Таза Қазақстан» акциясы аясында теміртаулықтар белсенділік танытып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда акция аяқталса да, сенбіліктер жалғасып жатыр. Мемлекеттік органдар кезектесіп, қаланың ең көп қоқыстанған бөліктерін тазартуға атсалысуда. Сонымен қатар, сенбіліктер кезінде қалып қойған ірі көлемді қоқыстарды да тазарту жұмыстары қолға алынған.
— Ірі қоқыс қалдықтарының мәселесі ушығып тұр. Иә, біз қаладағы қоқыс контейнерлерінің аумағын тазартып шығамыз. Әйтсе де, аз уақытта ол жерде қайтадан қоқыс жиналып қалуда. Қазіргі таңда біз «ТТК» ЖШС келісім шартқа отырдық. Қалаға 500 бейне бақылау камералары орнатылады. Олар бірінші кезекте ойын алаңдарына, қылмыс көп орын алатын жерлерге және қоқыс жиі тасталатын алаңдарға қойылады. Бейнебақылау камераларын полицейлер қадағалап отырады. Қоқыс тастағандарды анықтау және жауапкершілікке тарту көзделуде, — дейді Ринат Қыдырбеков.
Бұралқы иттер мәселесі
Жыр болған бұралқы ит пен қараусыз мысықтар мәселесі шешілетін күн де таяу. Оң жағалауда арнайы панажай құрылысы қарқынды жүргізілуде. Негізгі ангар салынып, бройлер орнату қолға алынған. Одан бөлек, жануарларды егу, ветеринарлық көмек көрсетуге арналған ғимарат құрастырылуда. Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, ай соңына дейін панажай пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда бұралқы иттерді аулап, панажайда күтіп-баптайтын мердігер де анықталған. Олар құрылыс аяқталған сәтте іске кіріседі.
Ыстық және суық су мәселесі
Оң жағалауда құбыр жарылып, бірнеше үй сусыз қалғанды. «Аква-Трейдинг» ЖШС директоры Аякөз Сұмағұлованың айтуынша, арнайы бригада апатты жою жұмысына кіріскен. Бірақ, ескі құбыр әбден тозғандықтан, дәнекерлеу мүмкін болмай қалатын сәттері де бар. Сондықтан, тұрғындарды жаңа құбырға қосылуға шақырып отыр.
— Біз оң жағалауда жаңа су құбыры құрылысын аяқтадық. Тұрғындар бізге келіп, техникалық шарт алып, үйлеріне су енгізіп алуы тиіс. Ескі құбыр әбден тозғандықтан, әрі қарай оны ұстап отыру мүмкін емес, — дейді Аякөз Смағұлова.
Ал, ыстық су мәселесіне келсек, «Оқжетпес-Т» ЖШС техникалық директоры Владислав Кимнің айтуынша, бүгіннен бастап желіге су толтыру жұмыстары басталады. Жоспар бойынша, айдың 12 жұлдызына дейін желі толық дайын болуы мүмкін. Әйтсе де, қала тұрғындарының барлығы ыстық судың қызығын көре алмайды. Өйткені, апатты учаскелер анықталған. Жөндеу жұмыстарына байланысты қырықтан астам үй сусыз қалады. Олардың мекен жайлары компанияның ресми сайтында және парақшаларында жүктелген.
Айта кету керек, «Оқжетпес-Т» ЖШС қыс кезінде жөндеу жұмыстары үшін қазған жол бөліктерін қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар, биыл бірқатар ішкі орамдардың желілері де ауыстырылмақ.