Іздеген жанға — жұмыс бар

Қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде жұмыссыздықпен күрес бағытында жүргізілген жұмыстардың есебі тыңдалды. Биыл 3900 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінге дейін 821 адамға жұмыс орны ұсынылған. Олардың 192-і «Электронды еңбек биржасы» арқылы өзіне лайық кәсіпке жолдама алған екен.

Теміртау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Раушан Адыханованың айтуынша, 75 әлеуметтік жұмыс орны қарастырылған екен. Қаржыландыру көлемі — 62, 100 мың теңге. Бүгінге дейін 77 адамға жолдама берілген. Сондай-ақ, «Жастар практикасы» жобасы аясында 80 жұмыс орны ашылған. Бұл бағдарлама бойынша 99, 360 мың теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Қазірге дейін 28 адамға жолдама беріліпті. Ал, қоғамдық жұмыстарға 315 адам тарту көзделуде. Қаржыландыру көлемі – 236, 232 мың теңге. Бұл бағыт бойынша 273 адамға жолдама беріліпті.
Бұдан бөлек, өз кәсібін ашқысы келген азаматтарға мемлекеттік грант беріп, қолдау көрсетуге қаражат бөлініп отыр екен.
— Жиырма адамға 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлу жоспарланып отыр. Жалпы бұл бағытта 27 млн 600 мың теңге қаражат қарастырылған. Қазірге дейін 10 адамға өз ісін ашуға грант берілді. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі 3 адам, 4 адам көпбалалы отбасының мүшесі, асыраушысынан айырылғанына байланысты жәрдемақы алатын 3 адам бар, — дейді Раушан Абдыханова.
Айта кету керек, қазіргі таңда халықтың әлеуметтік әл-ахуалын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаңа жұмыс орындарын ашуды, елдегі жұмыссыздық көрсеткішін азайтып, масылдық психологияны жоюды тапсырған болатын. Биыл жалпы Қарағанды облысы бойынша 50 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Өңірде кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша ірі кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары құрылады.
Облыстық Еңбекпен қамту шаралары туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың мәлімдеуінше, жаңа жұмыс орындары Saran индустриялық аймағында, Нұра және Бұқар Жырау аудандарында және Теміртауда ашылады деп жоспарланып отыр.

Өз тілшімізден.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз