«9-20-25» ипотекалық бағдарламасы жылына қосымша 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді
Сенат отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанда мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды одан әрі іске асыру туралы айтып берді.
Үкімет басшысы азаматтарды, әсіресе көп балалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта біз “Бақытты Отбасы” (2-10-20) және “Шаңырақ” (5-10-20) сияқты бағдарламаларды іске асырып жатырмыз. Соңғы үш жылда аталған бағдарламалардың арқасында 43 мыңға жуық қазақстандық отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Біз бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, тағы бір сұранысқа ие бағдарлама – «7-20-25». Алайда Ұлттық банк белгілеген қаржыландыру шектеулеріне байланысты бұл бағдарлама халықтың сұранысын толығымен өтей алмайды.
Осыған байланысты «Отбасы банк» және «Байтерек» холдингі «9-20-25» жаңа бағдарламасын әзірлеуді бастады. Бұл ретте оны іске асыру үшін бюджет қаражаты пайдаланылмайды.
«Біз қазір есептеп жатырмыз. Жыл сайын 150 млрд теңге сомасына бюджеттен тыс қаражат тарту жоспарланып отыр. Бұл жылына қосымша 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір бағдарламаның шарттары пысықталып жатыр. Ол жақын арада іске қосылады, кем дегенде бір ай уақыт қажет. Жұмыс келесі жылы басталады деп күтілуде», — деді Әлихан Смайылов.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз