Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі

Ақсақал. Қазақ үшін киелі ұғым. Ұлы дала заңында үлкеннің айтқаны әманда заң саналады. Оны бұзу – қылмыспен тең. Содан да болар, ақсақалдар ел бірлігінің тұтқасы болып келгенді. Ауыл арасындағы ұсақ дау-жаншалды әділ шешуден бастап, ханға елдің датын жеткізуге дейінгі шаруаның көбі дана қариялар өздері-ақ реттеп тастайтын. Әйтсе де, бүгінде қарттардан сол әлеует кетіп барады. Жасы келген зейнеткер көп. Бірақ, дуалы ауыз ақсақал аз. Мұны Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып, жергілікті жерлердегі Ақсақалдар кеңесін жандандыруды тапсырғанды.

— Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан, оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек, — деп тапсырды Президент.
Теміртауда да ақсақал жасына жеткен қарттарымыз аз емес. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі бір-бірін аса тани бермейді. Сондықтан ортақ мүдде – ел тағдыры мен ұрпақ болашағы мәселесінде тізе қосып, қатар жүре алмай келеді. Бұл кемшіліктің орнын толтыру мақсатында «Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастар мәселесін зерттеу және сараптау орталығы» КММ ұйтқы болуымен қала ардагерлеріне дастархан жайылып, ас үстінде әңгіме өрбіді. Екі жүзге жуық қарттар бас қосқан жиында Ұлттық құрылтайда айтылған ұтымды ойларды талқылау, дәстүрді сақтау және Аталар мектебін қалыптастыру, жерлеу мәдениетін сақтау мәселелері талқыланды.
— Кешегі кеңестік дәуірде Теміртауда қазақ аз еді. Кейін іргедегі ауылдардан, аудан-қалалардан көшіп келген қазақ отбасыларының саны артты. Одан соң Өзбекстан, Моңғолиядан және Қытайдан келген қандастарымыздың арқасында бүгінде қала халқының 40 пайыздан астамы – қазақтар. Қарап отырсақ, қаламызда ақсақалдардың үш ұйымы бар екен. Мақсат, мүдде – ортақ. Сондықтан, қарттарымыздың басын қосып, таныстыруды және ұрпақ тәрбиесі жолында бірігіп жұмыс істеуге шақыруды жөн көрдік, — дейді «Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастар мәселесін зерттеу және сараптау орталығы» КММ директоры Нұрхан Нұрмаханов.
Жиын барысында ел ағалар ұрпақ тәрбиесіне қатысты сүбелі ойларын ортаға салды. Әсіресе, дін мен дәстүрге қатысты өзекті сұрақтар туындаған тұста Ақсақалдардың орны ерекше білінетіні анық. Себебі жастардың дені дәстүрдің әу бастағы мәнін білмейді. Әсіре діншілдікке салынып, ұлттық болмысты мансұқтап жүргендер де бар. Бұның бәріне тоқтау салудың жолы – Ақсақалдар институтының беделін нығайту. Ол үшін аталарымыздың өзі Ақсақал деген сөзге сай болуы керек. Бұл ретте мешіт қызметкерлері ақсақалдарға бата беру, дін мен дәстүр тақырыбында бірлесіп қызмет атқаруды ұсынды. Сондай-ақ, жас буын мен аға буынның арасындағы байланысты нығайту, жиі кездесулер өткізіп, ұрпақтар сабақтастығын қолға алу да ұсынылды.

Өз тілшімізден.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз