Ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өз еңбектерінде Ислам дін туралы тереңнен қозғап, әр тақырыпты ашып, көлемді мақалалар жазды. Дәлел мен дәйекке сүйенген ғалым, адамның адам болып қалыптасуына исламның ықпалы мен әсерін келтіреді. Көп буынға ғылыммен дәлелдесе, жас буынға өлеңмен жеткізуге тырысқан. Қазақ қоғамын, жалпы адамдзатты тура жолға шақырғаны: Аллаға сыйыну, шариғат жолына түсу, «Иманды адам» болу, мұсылман парыздарын орындау т.с.с. тақырыптағы мақалаларынан білеміз.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы көзқарасы туралы айтсақ: Адамды адам ретінде биіктете түсетін исламдағы амалдар мен ілімдер аса мол. Ақын ислам құндылықтары туралы жазған өлеңдерінде Құран аяттарын, ғаламның жаратылысын, пайғамбарлар тарихын, Алла алдындағы парыздар туралы терең талдап көрсетеді.
Шығыс тілдерін жетік меңгерген Мәшһүр-Жүсіп араб, парсы поэзиясына терең үңіледі. Шығыстық сарынға сүйене отырып, «Гүлшат-Шеризат», «Ғибратнама», т.б. дастандарын жазды. «Исабек ишан», «Мұса Шорманұлы» атты жоқтау өлеңдері де белгілі. Данышпан ақын поэзиясының көп бөлігін діни тақырыптарға арнады. Мысалы: «Сүлеймен мен Ібіліс», «Ықылас сүресі», «Мешіт зары», «Жеті тозақ баяны», «Пайғамбардың хадис сөзі», т.б. өшпес мұраларын қалдырды. Ол бірқатар өлеңдерін Мекке мен Мединеге қажылыққа барған белгілі абыздарға арнаған («Шонтыбай қажы», «Жантемір қажы»). Шығармасында адал қызмет етіп жүрген дін қайраткерлеріне құрмет көрсетеді. Діни тақырып¬тарда да әулиелердің өмірі, тарихи тұлғалар («Асан қайғы»), пайғамбарлар («Сүлеймен мен құмырсқа», «Нұх пайғамбар мен кемпір»), т.б. туралы көп дерек жинады. Ақынның әйгілі «Шайтанның саудасы» дастаны 1946 жылға дейін республиканың жалпы білім беретін орта мектептерінің 8-сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының хрестоматиясына 4 рет өңделіп енгізілген болатын.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының өмір жолын қысқа таныстырып өтсек, ғұлама 1858-1931 жылдар аралығы өмір сүрді. Баянауыл тумасы, көркем табиғатпен бойына қазақы құндылықты сіңіріп өсті. Қазақ мәдениеті мен әдебиетін көркем түрде насихаттап, тарихшы, этнограф, философ атанды. Ол өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады. Халыққа бала кезінен танымал бола бастайды. 15 жасынан өлең жазып, көптің көңіліне ұялайтын әдеби туындылары әзірге дейін өзектілігін жойған жоқ. 1865 жылы «Ер Олжабай батыр» дастанын жазып алды, бұған ұстазы Қамар хазіреттің ықпалы мен көмегі зор еді. Ол жасөспірім кезінен Абылай хан, Қазыбек би, Бөгенбай батыр және басқа да көптеген атақты тарихи тұлға туралы деректерді қағазға түсірген.
Мәшһүр-Жүсіп жазба мұрасының ерекшелігі – тарихи деректерге, сондай-ақ көптеген билеушінің (Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан, т.б.) өміріндегі оқиғаларды егжей-тегжей сипаттап баяндауы. Мысалы, оның жазуынша Тәукенің шешесі – қалмақтың хошоут тайпасының билеушісі Күнделең тайшының қызы. Жәңгір өлгеннен кейін Тәуке жас болғандықтан қазақ хандығын сұлтандар биледі. Мәшһүр-Жүсіп Тәукенің кемеңгер, зерделі билеуші болғанын жазады. Ол, әсіресе, Абылай хан мен Кенесары хан сынды тұлғаларға терең тоқталған. Сондай-ақ ол жинаған шығармалардың едәуір бөлігі Қазыбек би, Байдалы би, Едіге би, Бөлтірік би, Тайкелтір би, т.б. билер мен жырауларға арналған. Мәшһүр-Жүсіп сонау Омбыдан Павлодар, Семей, Петропавл, Атбасар, Ақмола жерінде орналасқан көптеген ауылды, Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумағындағы елді мекендерді аралады. Ол осындай сапарларында атақты тұлғалар: хан Кененің ұрпақтарымен, Мейрам қажы Жанайдарұлымен, сондай-ақ Ақан сері, Саққұлақ бимен де кездесті. Ақынның шығармалары кейінгі ғалым-фольклортанушылар, тарихшылар мен әдебиеттанушылардың зерттеуіне жол ашты. 1889-1891 жылдар аралығында Кіші жүздің жерін аралап, Жәңгір сұлтанмен, батыр Науша Қаржауұлының шөбересі Қадырмен де кездеседі. Сол сапарында Жәңгір хан, Исатай, Шернияз, тама руынан шыққан Сарыбас мерген туралы деректерді жазып алады. Кіші жүздің таңба, ұран, әпсаналары туралы мәліметтерді жинап, талдайды.
Ұлы ақын Абай Мәшһүр-Жүсіпті қадірлеген. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтың кесенесі Баянауыл ауданы Жанажол ауылына жақын Ескелді деген жерде орналасқан. Бүгінгі күнде Павлодар қаласының бас мешіті Мәшһүр Жүсіп есімімен аталыды, сонымен қалалар мен аудан орталықтарында көше атаулары мен ескерткіштер орнатылған.
Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлының бастамасымен мешіт имамдары ғұламаның басына барып зиярат етіп, Құран бағыштап қайтқан болатын. «Бала қажы» мешітінің бас имамы Нуров Махмуд қажы Нурұлы мешіт қызметкерлерімен арнайы барып, ғалымның рухына Құран бағыштап қайтты. Мешіт қызметкерлері ғұлама ғалымдар, ишандар мен дін жолында еңбек еткен әрбір азаматты әрдайым ұлықтап отырады.

Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз