Зайырлы мемлекет: заң, ұғым және қағидаттар

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ата заңда осылай жазылған. Әйтсе де, әлі күнге дейін осы сөздің мән-мағынасын толық түсіне алмай жүргендер көп. Біреулер, зайырлылықты дінді түбегейлі жоққа шығаратын атеизммен шатыстырады. Келесілері болса, зайырлылық дінді бетімен жіберу деп түсінеді. Ал, шын мәнісінде бұл ұғымның астарында не жатыр? Саралап көрсек.

Әңгіменің әлқисасын зайырлылық ұғымы мен заң талаптарынан бастасақ. Әсілінде, қоғамның зайырлы болуы оның атеистік қағидаларға сай өмір сүруін білдірмейді. Керсінше, зайырлы қоғам толеранттылық пен ашықтықты қолдайды. Сонымен қатар, дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, діни алауыздық пен экстремизмнің жолын кеседі. Бір сөзбен айтқанда, зайырлы қоғамда адам өзінің ар-ұждан және сенім бостандығын еркін пайдалануға құқылы. Ол қалаған дініне кіре алады немесе дінсіз өмір сүруіне де болады. Бұл үшін атқарушы органдар да қоғам да ол адамға қысастық қыла алмайды. Дегенмен де, еркіндіктің жөні осы деп бетімен кетуге де жол жоқ. Өйткені, зайырлы мемлекетте заң үстемдігі сақталған. Адамның наным-сенімі өзіне және айналасына, мемлекеттің қауіпсіздігі мен дамуына нұқсан келтірмеуі керек. Бұл талапқа сай келмейтін сенімдерге шектеу бар. Себебі адам психологиясын ермек қылған жымысқы топтар дін атын жамылып, экстремистік қадамдарға баруы бек мүмкін.
Жалпы әлемде зайырлылық ұғымының ауқымы кең болып саналады. Әр мемлекет бұл ұғымды өзінше түсінеді және халқының ұлттық танымы мен талғамына сай заң қабылдайды. Мәселен, АҚШ немесе Еуропа елдерінде азаматтардың діни сеніміне бостандық беріледі. Бірақ, мемлекет басшылары қызметке кірісер кезде Інжіл ұстап, ант береді. Ал, Түркия мемлекеті зайырлы болып саналғанымен, халқының басым дені ислам дінін ұстанатындықтан, мешіттер мен медресселер мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Мұндай мысалдар әр елдің заңында кездесуі мүмкін.
Қазақстан да өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Халқымыздың басым дені Ханафи мәзхабын ұстанатын мұсылмандар және православиелік христиандар. Сондықтан да, осы екі конфессияның басты діни мерекелері Құрбан айт пен Рождество ресми мерекелер санатына кірген. Сондай-ақ, ел аумағында өзге де конфессиялардың еркін жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Басты талап – Қазақстан заңын сақтау және қоғамға қауіп төндірмеу.
Қорыта айтқанда, зайырлылық қағидады – діни догманы мемлекеттен алшақтату. Ел билеу ісінде дінің талабы жүрмеуі тиіс. Себебі тарихта дін басшыларының бастауымен қаншама қанды қырғындар орын алып, ғылым-білім артта қалған кезеңдер өткен.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
Қалалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз