Қандасқа қандай қолдау бар?  

Тағдырдың жазуымен қилы кезеңдерде шекараның арғы бетінде қалып кеткен миллиондаған қазақ бар. Тәуелсіздік алғалы олардың бір парасы туған Отанға оралып үлгерді де. Сәтін салған күні көшіп келмекке бекініп жүргені де көп. Әйтсе де, енді келетін азаматтарды да, көшіп келген жандарды да қинайтын бір мәселе бар. Ол – құжат жинаудағы қиындықтар. Теміртау қаласындағы Достық үйінде қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев пен «Отандастар» қоры фронт-кеңсесінің бас сарапшысы, облыстық мәслихат депутаты Меруерт Башайдың және «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» КММ-нің өкілдерімен бірге кездесу өтті.

Теміртау елдегі өндірісі өркендеген қалалардың санатына кіреді. Кешегі кеңестік дәуірде бұл жерге «комсомолдық жолдама» сылтауымен жүздеген ұлт пен ұлыстың баласы көшірілгенді. Бертінге дейін қалада мемлекет құраушы ұлттың үлес салмағы да тым аз көрсеткіште болған. Қайта кейінгі жылдары ғана алға жылжу байқалады. Қазір қалада қазақ көп. Сәйкесінше, қазақыландыру да қарқынды жүріп жатыр. Бұған металлургтер мекеніне Моңғолия, Өзбекстан, Қытай тәрізді елдерден қандастардың көптеп келуі себепкер болғанды.

Жиын барысында азаматтық алу, көші-қон тәртібі, жұмысқа орналасу және басқа да құқықтық мәселелерге қатысты сауалдар қойылып, жауап берілді.

Елді алаңдатып отырған ең үлкен мәселе – құқықтық сауаттылық. Заң білмеудің салдарынан айыппұл арқалап жүргендер көп. Оның үстіне «шаруаны шешіп беремін» деген пысықайларға алып сан соғып қалғандары да қаншама.

  • Елімізде осыдан отыз жыл бұрын көшіп келсе де, күні бүгінге дейін құжатсыз жүрген қандастарымыз бар. Біз солардың мәселесі бойынша елшіліктермен жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекетаралық мәселе болғандықтан, бұл бірнеше айға созылатын іс. Кейде жылдар бойы күтетін кездеріміз болады. Жалпы «Отандастар» қоры құрылғалы 6 мың адамның құжатын әзірлеуге көмек көрсеттік, — дейді Меруерт Башай.

Оның айтуынша, бұрын тарихи отанына көшіп келген адамдарға заң бойынша кеңес беріп, қолдау көрсетер орын болмаған. Осының кесірінен арадағы делдалға сеніп, миллиондаған ақша беріп алданып қалған адамдар да бар екен. Егер қандастардың келуі елдің демографиялық ахуалы мен ішкі тұрақтылығы үшін маңызды үдеріс дер болсақ, онда алаяқтардың әрекеті мемлекеттік саясатқа жасалған қастандық ретінде бағалануы тиіс. Өйткені, туған топыраққа келіп тоналған адамның оқиғасын есіген арғы беттегі ағайынның көшуге деген ынтасы азайып, көңіліне қорқыныш ұялары анық.

  • Бізде уатсап месенджерінде түрлі мемлекеттерден келген қандастармен ашылған қаншама чат бар. Теміртау қаласының әкімдігіне рахмет, қолдау көрсетіп, осы Достық үйінен кабинет ұсынды. Қарағанды облысына 11 мемлекеттен қандастар көшіп келеді екен. Біз барлығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп отырмыз. Бірақ, құқықтық сауаттылықтың болмауы салдарынан қандастарымыздың арасында түрлі келеңсіздіктер болып жатады. Менің телефоным қашан да қосулы. Егер кеңес сұрап келетін адам болса, қолымыздан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз, — дейді Меруерт Башай.

Расымен де, кездесуге келген адамдарды қинайтын да осы құқықтық сауаттылық мәселесі екен. Мәселен, Өзбекстан Республикасының заңы бойынша, егер адам сол елдің азаматтығынан бас тартатын болса, белгілі бір мөлшерде алып төлеп, құжаттарын өткізуі керек. Ал, Қазақстан заңнамасы қандастарға азаматтық беруді біршама жеңілдетті. Яғни, бұрын азаматтық алу үшін әуелі өзге елдің азаматтығын тапсыру керек еді. Қазіргі талап бойынша, әуелі Қазақстан азаматы атанып, бір айдың ішінде құжатын өзгертуге мүмкіндік берілген. Мұны көп адам ескере бермейді. Сәйкесінше, қазір қос елдің азаматы атанып жүргендер бар. Бұл біріншіден қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Екіншіден, ол кісілердің Өзбекстанда туған-туысы бар. Қазақылық салты бойынша қуаныш пен қайғыда барып, араласып тұрғысы келеді. Бірақ, әлгі құжат мәселесіндегі қиындыққа байланысты шекарадан шыға алмай қалған.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе – азаматтық алу жайы. Заң бойынша шетелден көшіп келген адам бес санат бойынша денсаулығы дұрыс екені туралы анықтама тапсыру керек. Егер бұл талапқа сай келмесе, азаматтық берілмейді. Бұрын сотталған адамға да азаматтықтан бас тартылады. Ал, қалада ата-анасы, әйелі мен бала-шағасы Қазақстан азаматтығын алған, өзі әлі күнге дейін шетел азаматы атанып жүргендер бар екен. Бұл тығырықтан қалай шығуға болады?

  • Заң талаптары бойынша кейбір жандарға азаматтық берілмеуі мүмкін. Бірақ, Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде БҰҰ-ның «Адам құқықтарын қорғау жөніндегі конвенциясына» қол қойған. Халықаралық заңнаманы сақтау туралы келісімдеріміз бар. Ал, ол келісімде отбасын біріктіру деген арнайы бап бар. Яғни, денсаулық жағдайына байланысты немесе ұлтының бөлек болуына орай азаматтық ала алмаған адам министрлікке «Отбасымен бірігу үшін азаматтық алу» жайлы өтініш жазуы керек. Егер азаматтық беруден бас тартылса, сол құжаттың негізінде сотқа бере алады, — дейді Меруерт Башай.

Кездесу барысында көтерілген барлық сауалдарға заңнама шеңберінде жауап берілді. Қандастар алдағы уақытта өздерін мазалаған мәселелер болса «Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ-де қандастармен жұмыс  жүгізетін әдіскердің көмегіне жүгіне алады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз