Қарағанды облысының экологтары бейнежетондармен тексеруге шығатын болады
Қарағанды облысының экологтары тексерулерге бейнежетондармен шығатын болады. Бейнежазба сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің деңгейін төмендетуге көмектеседі.
Мемлекеттік органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, облыс экологтары «АрселорМиттал Теміртауға» және басқа да жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты бақылауды әлсіретті.
– «АрселорМиттал Теміртау» 87 % шығарындылар үлесімен Теміртау қаласының негізгі ластаушысы болып табылады. Кәсіпорын жоспарланған мерзімде тоғыз жол картасын орындамаған, бұл өз кезегінде шығарындылардың 8 мың тоннаға төмендеуіне жол бермеген. Кәсіпорынға тексеріс өткізу үшін экологтарды жібермеу және Теміртау шегінде 800 тонна көлемінде кокс-химия өндірісінің қауіпті қалдықтарын заңсыз орналастыру фактілері бар, – деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Бауыржан Хұсаинов.
Орын алуы ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін экологтар тексеру кезінде аудио және бейнетіркеу құралдарын пайдалануы қажет, деп атап өтті спикер.
– Біз 10 бейнежетон сатып алдық, тағы 10 бейнежетон сатып аламыз. Біздің қызметкерлер оларды тексеріс кезінде пайдаланады. Барлық ұсынымдар ескерілетін болады, – деді Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов.
Сондай-ақ, отырыста кәсіпкерлерге жер бөлу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасалды. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
– Бизнеске арналған жер учаскелерінің барлық тізімі жер қатынастары басқармасының ресми сайтында жариялануы тиіс. Сондай-ақ, біз бизнес нысандарының коммуналдық желілеріне қосылуға техникалық шарттар беруден негізсіз бас тартуды болдырмауға тиіспіз, – деп тапсырды Ермағанбет Бөлекпаев. – Бұл мәселені шешуге арнайы құрылған геоақпараттық портал көмектеседі. Ол техникалық шарттарды, сондай-ақ жер учаскелерін беру процесін ашық етеді. Басқарма қызметкерлері мен монополистер ашық қолжетімділікте болуы үшін қажетті деректерді енгізуі керек.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз