Жасөспірімдердің доп додасы

Бұрнағы күні 8 ықшамаудандағы жаңа футбол кортында 7-13 жастағы балалар арасында шағын турнир өтті. Ауладағы ойын баласының спортқа деген құлшынысын оятып, салауатты өмір салтын сақтауға арналған шараны «Азаматтық бастамалар орталығы» ҚБ мен Ескі қала полиция бөлімінің есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің мамандары ұйымдастырған. Турнир «Нашақорлықтың алдын алу жөніндегі шаралар кешені» жобасы аясында өтті.

Турнирге 4 команда қатысты. Бұл ретте балалардың құлшынысы айрықша болғанын атап өту керек. Яғни, жарыс өтеді деген хабарландыруды көрген жасөспірімдер өздері команда құрып, дайындық жасапты. Қатысушылардың жарыс алаңына басталу уақытынан бірнеше сағат ерте келіп алғандарының өзі олардың спортқа деген қызығушылығының жоғары екенін аңғартса керек.

– Біз бұл жарысты 26 маусым – Халықаралық есірткіге қарсы күрес күнімен орайластырылған айлық акция аясында қалалық ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып ұйымдастырдық. Сайысқа 8 және 6 ықшамауданның балалары келіп қатысты. Осы сайысқа әрқайсында 8 ойыншы бар 4 команда қатысты. Алдағы уақытта да мұндай шараларды ұйымдастырамыз. Біз кішкентай балаларға есірткі, оның зияны туралы айтпаймыз. Қайта оларға спорттың пайдасы туралы көбірек айтып, салауатты өмір салтын сақтауға үндейміз. Осы бағыттағы жұмысқа басымдық береміз. Өйткені, спортқа жақын өскен бала бойын есірткіден аулақ ұстайды, – дейді Теміртау қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Александра Залетова.

Турнирге төрелік етуге №4 орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Нұржан Шахизадаев келген екен. Оның айтуынша, балалар жақсы ойын үлгісін көрсетіп, белсенділік танытқан.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орын «Земпарта» командасына бұйырды. Ал, екінші орын – «Темірдвор» командасы, үшінші орын – «Ашық», төртінші орын – «Алаш» командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға қалалық ішкі саясат бөлімінің грамоталары мен үстел ойындары, спорт жабдықтары тәрізді сыйлықтар табысталды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз