Қазақстандағы дін еркіндігі

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған соң Ата заңымыздың 1-бабында осы қағида бекітілді. Яғни, ел аумағында қандай да бір дінге басымдық берілмейді, азаматтардың діни сенімі мен бостандығына қолсұғуға тыйым салынады. Бірақ, зайырлылық деген әркім білгенін істесін деген сөз емес…

Әңгіменің әлқисасын зайырлы қоғам ұғымын талдаудан бастасақ. Адамзат дамуында діннің алар орны айрықша. Орта ғасырлар тарихына зер салсаңыз, дін мемлекеттік саясаттың басты құралына айналған кезеңдер болғанын көрер едіңіз. Дін ықпалының тым күшейіп кетуі, белгілі бір деңгейде ғылым мен білімнің дамуына тосқауыл болды. Әсіресе шіркеу заңының тым шектен шығып кетуі көптеген көрнекті ғалымдардың отқа өртеліп, еңбектерін жоюға дейін алып келді. Мұның салдары мемлекеттердің дамуына кедергі келтіргенді. Осыдан соң батыс әлемі біртіндеп дін ықпалын азайтып, мемлекет пен шіркеуді бөлу саясатын жүргізе бастады. Осылайша зайырлы мемлекет ұғымы қалыптасты. Яғни, қоғамдық қатынастар діни нормалардың негізінде емес, азаматтық тәртіп арқылы реттеле бастады. Ал, мемлекеттік органдардың шешімдері ғасырлар бойы қалыптасқан діни қағидаларға емес, бекітілген заңға сүйене отырып шығарылды. Еуропада дін мен мемлекетті бөліп қарастыру ғылыми-технологиялық революцияға жол ашып, ғылымның еркін тыныстауына жол ашқанды.
ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстан Ресей империясының боданында болды. Ақ патшаның дәуіріндегі Ресей мемлекет пен шіркеуді бір ұғым ретінде қарастырып, барлық шешімдер мен әрекеттер христиандық дәстүрге сай қабылданып отырды. Ал, қазақ қоғамы үшін ислами құндылықтар басты орында тұрғанды.
Қазақ елінің өз алдына дербес мемлекет болуын көксеген Алаш қайраткерлері де азаматтарды діни сеніміне қарап алалауға қарсы болды. Тәуелсіздік ала қалған жағдайда дін мен мемлекет ұғымын бөліп қарастыру қажеттігіне де баса назар аударады. Бұның айқын дәлелі сол дәуірде Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанов әзірлеген «Қазақ елінің уставын» айтуға болады. Құжатта «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді» делінген.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған тұста Алаш арыстарының осы ұстанымын жалғастырды. Яғни, ресми бекітілген дін жоқ. Мемлекеттік саясаты жүргізуде қандай да бір діннің ұстанымдары назарға алынбайды. Мемлекеттік мекемелерде, білім ошақтарында діннің ықпалы болмайды. Дін де мемлекеттен тәуелсіз. Діни рәсімдерге, дәстүрлерге мемлекет араласпайды. Еркін жұмыс істеуіне рұқсат. Басты талап – діни ұйымдардың жұмысы қоғам мен мемлекетке кереғар келмеуі керек. Қайта үндесіп жатса құба-құп. Өйткені, дінді мемлекеттен бөліп қарастырсақ та, адам мен дінді бөле алмаймыз ғой.
Тоқсаныншы жылдары Қазақстан елдегі діни ұйымдарға толық еркіндік берді. Бірақ, көпұзамай мұның жағымсыз салдарын да көрдік. Өйткені, дін атын жамылған түрлі жат ағымдар мен секталар саны көбейді. Олар қоғам үшін өте қауіпті еді. Сондықтан да, мемлекеттің зайырлылық саясаты қайта қаралып, діни ұйымдарды реттеу қажеттілігі туындады. Яғни, Қазақстан аумағындағы діни бірлестіктер мен ұйымдар еркін жұмыс істеуі үшін арнайы тіркеуден өтуге міндетті.
Қазіргі таңда ел аумағында тұратын халықтың басым дені ислам және христиан діндерін ұстанады. Бұл қос діннің негізгі үндейтіні – татулық пен келісім. Мәселем, дәстүрлі исламда «Дінде зорлық жоқ» деген ұғым бар. Яғни, біреуді күштеп дінге кіргізуге тиым салынған. Егер ислам тарихына көзсалсақ, жаугершілік заманда мұсылмандарға өзге дін иелерінің ғибадатханаларын қиратуға, оған тығыған адамдарды өлтіруге, тонауға тиым салынғанын аңғарамыз. Әйтсе де, дінді теріс түсінетін радикалдық көзқарастағы топтардың әрекеті қоғамның тыныштығын бұзып қана қоймай, мемлекеттің дамуына да тежеу салады. Сондықтан, діни сенімдегі азаматтар дәстүрлі бағыттағы діни ұйымдардың ұсынған жолымен жүргені абзал.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз