Кәсіби мерекелері қарсаңында Қарағанды облысының қаржыгерлері марапатталды

Елімізде 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валюта күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Осы күн қарсаңында өңірдің қаржыгерлері мен банкирлерін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

Биыл ұлттық валютаға 30 жыл толады. Өңірде экономика және қаржы, мемлекеттік сатып алу, банк қызметтері салаларында және «Қазпошта» филиалдарында бір жарым мыңға жуық адам еңбек етеді.

– Біздің өңірдің және жалпы республиканың экономикалық әл-ауқатын нығайтуға күш салғандарыңыз үшін рахмет! Отбасыларыңызға зор денсаулық пен амандық тілеймін. Адал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыстың қаржы жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқандар өңір әкімдігінде марапатталды.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың алғыс хатымен «Қазпошта» АҚ Қарағанды облыстық филиалының қаржы-экономикалық бөлімінің бастығы Елена Әлімова марапатталды.

Ұлттық экономиканы дамытқаны және нығайтқаны үшін төрт қарағандылық «Экономика саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Марапатталғандардың арасында Қарағанды қаласының экономика және қаржы бөлімі басшысының м. а. Айгүл Көбелекова бар.

– Барлық қаржыгерлерді келе жатқан мерекемен құттықтағым келеді. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, кәсіби биіктер тілеймін, – деп құттықтады Айгүл Көбелекова.

Қарағанды облысы әкімінің құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен қаржы саласының 41 қызметкері марапатталды.

Алғыс хатты қаржы басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Саттыбаева да алды.

– 20 жылдан астам қаржы саласында жұмыс істеймін. 30 жыл өтті, бүгінде біздің валютамыз маңызды және бүкіл әлемге танымал. Мен Қазақстанда тұратыныма қуаныштымын. Ел мен облыс басшылығына біздің еңбегімізді елеп, жұмысымызды атап өткеніне рахмет! – деді Ардақ Саттыбаева.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз