Конституцияға өзгерістер 11 өңір халқының жақтап дауыс беруіне қарай енгізіледі
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлімдеді.
Референдумға бір ғана мәселе – Конституцияға түзетулер қабылдау мәселесі шығарылады. Егер 11 қаладағы халықтың көпшілігі жақтап дауыс берсе, онда түзетулер қабылданды деп есептеледі. Егер бұл көрсеткішке қол жеткізілмесе, онда түзетулер қабылданбаған болып саналады. Неліктен мен 11 қала туралы айтып отырмын, түсіндіремін. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң бойынша референдумға шығарылатын мәселе, егер ол үшін өңірлердің (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі, — деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар ол елдегі өңірлерге қатысты тоқталып өтті.
Айта кетерлігі, қазір Қазақстанда 17 өңір бар. Ал жаңа 3 облысты – Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру туралы жарлық биыл 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі. Осылайша, 17 өңірдің үштен екісі 11 өңірді құрайды. Осыған байланысты Конституцияға түзетулерді қабылдау толығымен халықтың еркіне байланысты болады, — деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін вице-министр референдум өткізу — демократиялық институттардың дамуын көрсететіндігі туралы айтып өткен болатын.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз