Мемлекеттік рәміздерді қорлағандар айыппұл төлейді
Елімізде мемлекеттік рәміздерді қорлағандар 3 мың айлық есептік көрсеткішке (1 АЕК 3450 теңгеге тең) дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» 372-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, мемлекеттік рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл 3 мың АЕК дейін ұлғайтылды және қоғамдық жұмыстарға тартудың мерзімі 900 сағатқа дейін арттырылды», — деді Нұрғиса Дәуешов министрліктің алқа мәжілісінде.
Сонымен қатар ол 2022 жылы Мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдық мерейтойы атап өтілгенін еске салды.
Былтыр жалпы республика бойынша 5 мыңнан аса түрлі форматтағы іс-шара өткізілді. 4 маусым күні бүкіл республика бойынша бір уақытта сағат 10.00-де Мемлекеттік Гимн орындалды. Астана қаласындағы «Атамекен» этномемориалдық саябағындағы ең биік ту тұғырда Мемлекет басшысының қатысуымен Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі ұйымдастырылды.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз