Оңай олжаға қызығып, опық жеді

немесе алаяқтар теміртаулықтарды қалай қарызға батырды?

Осы күні алаяқ көп. Желіге кірсең де, жаңалық парақтасаң да қулығына құрық бойламайтын қуларға арбалып, жиған-тергенін бір-ақ сәтте жоғалтқан жандар туралы мәлімет кез болады. Ақпарат аз дейтін баяғы дәурен өткен. Құқық қорғау органдары елді сақтандырып, құлақтандырып-ақ жатыр. Әйтсе де, жеңіл келген қаражатқа қызығып, сан сағып қалатындар азаймай тұр. Мұны алаяқтар да сәтті пайдалануда. Әрі олар жымысқы әрекетін жүзеге асырудың сантүрлі айла-тәсілін қолданатын көрінеді. Соның бірі – Теміртауда болған даулы іс.

Сурет интернеттен алынған

«Нұр Отанның» атын жамылған

Теміртауды дүрліктірген алаяқтық іс ұзақ жыл билікте болған партияның атын жамылудан басталыпты. Қылмыстық іс материалдарына зер салсақ, бұрын сотталған, 31 жастағы Владимир Копытов пен Аңсар Юлдашев есімді қос азамат жеңіл жолмен пайдаға кенелуді ойлап, жоспар құра бастайды. Ақылдаса келе олар сайтқа тіркеліп, онлайн несие алуға мүмкіндік беретін микроқаржылық ұйымдар арқылы қалтасын қомпайтуды көздейді. Әрине, несие алып, оны төлеуді емес, аңқау адамдардың есебінен табысқа кенелгісі келеді. Сөйтеді де, пәтер аралап, өздерін «Нұр Отан» партиясының еріктілері ретінде таныстыра бастайды. Алғашқы құрбандарына алда келе жатқан сайлауда билік партиясын қолдап, дауыс берсе 42 500 теңге сыйақы төлеуге уәде берген. Бұл ұсынысқа жәбірленушілер де қызығушылық білдіріп, көне кетеді. Сөйтеді де жеке құжатын, өзінің фотосуретін, телефон нөмірін алаяқтарға береді. Осы сәтте алаяқтардың бірі жәбірленушінің атынан 24 мың теңге несие рәсімдеп үлгерген.
Ойлаған жоспарлары сәтті жүзеге асқан соң Копытов пен Юлдашев жаңа құрбандық іздей бастайды. Сөйтіп, көшеде кездейсоқ кездесіп қалған бір азаматқа сайлауда берген даусы үшін 8 мың теңге төлеуге уәде берген. Ол азамат келісімін беріп, өзінің барлық жеке мәліметтерін алаяқтарға ұстата салады. Сөйтіп, әп-сәтте микронесие ұйымының борышкері атанып шыға келген.
– Копытов пен Юлдашевтің әрекетінен бірнеше адам зардап шекті. Әрі олардың сайлауда берген дауыстары үшін ешкім ақша төлеген жоқ. Бұл алаяқтардың ойлап тапқан қулығы болатын. Өйткені, елімізде дауыс сатып алуға түбегейлі тыйым салынған. Егер ондай жағдай тіркелсе, онда 4000 АЕК көлемінде айыппұл салу көзделеді, – дейді Теміртау қалалық прокуратура бөлімінің прокуроры Мейірім Кешубаев.

«Сәлемдемені алып берсең, ақша төлейміз»

Алғашқы жымысқы тірліктері сәтті болып, пайдаға кенеліп қалған қос жігіт елді арбаудың жаңа әдістерін іздестіре бастайды. Осы кезде оларға «ғаламат» идея келген. Яғни, енді микронесие ұйымдарынан ақшалай емес, заттай несие рәсімдеуге көшеді. Бұл үшін құрбандықтарын көшеден іздей бастайды. Сөйтіп, алғашқы жәбірленушіні де кездестірген. Одан дүкенге барып, сәлемдеме алып беруді сұрайды. Бұл қызметі үшін 2 мың теңге төлеуге уәде береді. Оңай жұмыс. Жалғыз ғана талабы бар. Ол жеке куәлігін беру және соны көрсетіп, суретке түсу. Болды. Жәбірленуші бұл талапқа оңай келісіп, алаяқтарға сұрағанын береді. Осы кезеңде қылмыскерлердің біреуі белгісіз нөмірден сайтқа тіркеліп, құны 84 990 және 119 990 теңге болатын 2 ұялы телефонға несие рәсімдейді. Ал, жәбірленуші дүкенге барып, барлық құжатқа қол қойып, тауарды алаяқтардың қолына табыстайды. Сөйтіп, 2 мың теңге табамын деп, мойынына 204 980 теңге борыш арқалаған.
Сәлемдемеге қатысты идея алаяқтарға сәтті болып көрінген болуы керек. Олар жаңа құрбандық іздеуге белсене кірісіп кетеді. Сөйтіп, әйел адамды жолықтырған. Оған дүкеннен тауар алып, әкеліп берген қызметі үшін 10 мың теңге төлеуге уәде береді. Алдыңғы азамат тәрізді бұл кісі де барлық жеке деректерін, құжаттарын алаяқтарға ұсынған. Сөйтіп, өз атына 189 483 теңге несие рәсімделгенін білместен, тауарды қылмыскерлерге берген.
– Бір қызығы, алаяқтар жәбірленушілерді дүкенге, тіпті, тауар беру сөресіне дейін ертіп барған. Олай, баратыны бар, неге тауарды өздері ала салмайды? Артық шығын шығарып, курьер жалдаудың қандай қажеттілігі бар еді? Қарапайым сұрақтар ғой, бірақ, жәбірленушілердің ешбірі бұл туралы ойланып көрмепті. Несиенің төлем уақыты таяғанда ғана алданғандарын біліп, сан соғып қалған, – дейді заң қызметкері.

«Дәніккеннен құныққан жаман»

Аңқау елдің арқасында оп-оңай олжаға кенелген жігіттер әбден құнығып алады. Кейін бұлардың сапына Вячеслав Оленченко есімді адам қосылған. Ол да аз уақытта алаяқтықтың қыр-сырын меңгеріп, топтың белсенді мүшесі болып шыға келеді.
Кезекті рет жорыққа шыққан Юлдашев пен Оленченко өздерін әлеуметтік сала қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерге 10 мың теңге көлемінде жәрдемақы алу мүмкіндігі туралы айтады. Сөйтіп, оның жеке деректеріне қолжеткізіп, 44 мың теңге несие рәсімдеген.
Бұлар топтасып қана емес, жалғыз-жарым жүріп те қылмысқа барады. Мәселен, Оленченко бірде 8-ықшамауданнан кездесіп қалған әйелден дүкеннен тауар жеткізіп беруді сұрайды. Бұл қызметі үшін 5 мың теңге төлеуге дайын екенін де жеткізеді. Сөйтеді де, арбауға түскен келіншектің атынан 194 673 теңге тұратын телефонды рәсімдейді. Мұнымен шектеліп қалмай, келесі құрбандығына да тор құра бастайды. Оны «Аян» супермаркетінің алдынан кездестірген. Бұл жолы Оленченко курьер қызметін атқарып берген адамға 10 мың теңге төлеуге уәде береді. Жәбірленуші оның айтқанын орындап, аяқ асты ақшалы болып қалады. Бірақ, мойынына 333 983 теңге несие ілінгенін кеш білген.
Алақандай қаланың тұрғындарын қанап, қарызға батырған қылмыскерлер ұзақ тайрандай алған жоқ. Құқық қорғау органдарының жедел іздеу шаралары нәтиже беріп, қолдарына кісен салынды. Ал, жәбірленушілер болса сотта өздерінің құрбан екендерін дәлелдеп, олардың мойнындағы борыш шешілді. Сәйкесінше, бұл істегі басты жәбірленуші – микронесие ұйымы болып танылды.
Бұл ретте теміртаулық жәбірленушілердің оңай құтылып кеткенін атап өткен жоқ. Өйткені, алаяқтарға алданып, несие рәсімдеген адамдардың көпшілігі жәбірленуші екенін дәлелдей алса да, несие қарыздарын арқалап жүр.

Түйін

Алаяқтықпен пайда табамыз деген үш жігітке қатысты ҚР ҚК 187 бабы «Ұсақ-түйек жымқыру» және 190 бап «Алаяқтық» бойынша іс қозғалды. Сот оларды айыпты деп тауып, Владимир Копытовты рецедивист ретінде 4 жыл 1 айға қатаң режимдегі түзеу колониясына жазасын өтеуге жіберді. Ал, Аңсар Юлдашев пен Вячеслав Оленченко дәл осы екі бап бойынша айыпты деп танылып, орта деңгейдегі түзеу колониясына 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, олар келтірілген материалдық шығын – 3 миллион 882 мың теңгені қайтаруға және Жәбірленушілер қорына әрқайсысы 58 340 теңгеден төлеуге міндеттелді.
Осы орайда, тәртіп сақшылары азаматтарға барынша сақ болу керек екенін ескертеді. Ең алдымен жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз және бөгде адамдардың қолына түсіп қалуынан сақтаныңыз. Алаяқтар сіздің қалтаңыздағы соңғы тиынға дейін үптеп кетуге тырысады. Бұл үшін түрлі әдісті пайдаланып, адам миына сыймайтын махинацияларды ойлап табуы мүмкін. Олардың құрығына түсіп қалмау үшін, жеңіл жолмен қаражат табуға шақырған ұсыныстарға бірден келісе кетпей, күмәнмен қараңыз. Өйткені, нарық заңдылығы бойынша ақша еш уақытта оп-оңай табыла салмайды. Әр тиынның сұрауы бар. Сіз оңай тапқан он теңгенің соңында мыңдап, миллиондап есептелер ауыр зардап тұруы мүмкін.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз