Тұрғындарға кеңес берілді
Өткен аптада Мұқанов көшесінде орналасқан «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында әлеуметтік мәселелер жөнінде Ашық есік күні өтті. Қарағанды қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанай Ысқақов және Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Әділ Әубәкіров тұрғындар сауалына жауап беріп, туындаған мәселелер жөнінде кеңес берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты — азаматтардың жайкүйін анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Жиынға келген азаматтардың басым бөлігі — көпбалалы аналар және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өкілі.
Жанай Ысқақовтың айтуынша, қазір әлеуметтік желі арқылы онлайн-дүкен ашып, парақшалар жүргізетін және түрлі бейресми жұмыста жүрген азаматтардың барлығы өзөзін жұмыспен қамтығандар қатарына жатқызылады. Сондықтан кеншілер қаласында enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз болып тіркелгендер үлесі небәрі 0,5 %-ды құрайды екен.
— Электронды биржада (enbek.kz) өңірімізде бос жұмыс орны саны екі мыңға жуық. Қазіргі таңда қоғамдық көліктерде және адам көп жиналатын орындарда электронды еңбек биржасындағы жұмыс орындарын көрсететін QR-код орнатылуда. 1 шілдеден бастап облыста Еңбек ұтқырлығы орталығы ашылмақ. Ол өз жұмысын аудандар мен қалаларда құрылған мансап орталықтары арқылы жүзеге асырады. Орталық, негізінен, жұмысшы күшін ұсынады және сұранысты сараптайды. Сонымен бірге халықты жұмыспен қамту мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізбек. Ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құрудың есебін жүргізеді, — дейді Жанай Ысқақов.
Тұрғын үй мәселесіне орай түскен сұрақтардың дені «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кімдер үміткер болады?» «Тұрғын үй кезегі қалай реттеледі?» деген сыңайда болды. Осындай сұраққа жауап алмаққа келгендердің бірі — Жанна Адишева. Оның баспана кезегінде тұрғанына 17 жыл болыпты. Бірақ 2019 жылы көпбалалы ана ретінде санаты («Күміс алқа») ауысқанда, кезектен шығып қалыпты. Содан бері 3 жыл қатарынан әлі кезекке тұра алмай, осы мәселенің түйінін тарқату үшін келіпті.
Жанна Адишеваның айтуынша, тұрғын үй қатынастарының басшысы бір санаттан екінші санатқа ауысып кезектен шығып қалған азаматтардың мәселесін 1 ай ішінде шешуге уәде беріпті.
Жиында көтерілген тағы бір өзекті мәселе — газ тартуда әлеуметтік әлсіз топтарға көрсетілетін жеңілдіктер. Қаламызда жалғызбасты ата-аналар, мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер мен жетімдерге газ құбырын тартуға көмек ретінде 345 мың теңге беріледі.
Қымбат БАҚЫТКЕЛДІ
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз