Теміртауда басқару формасы жоқ үйлерге басқарушы компания тағайындалмақ
Елімізде 2020 жылдан бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тұрғын үй саласын реформалау басталған болатын. Дәл сол жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Заңға сәйкес «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидаты негізінде тұрғын үйлер мүлік иелерінің бірлестігі немесе жай серіктестікке бірігуге тиіс.
Түсінгенге бұл реформаның пайдасы ұшан-теңіз. Неге десеңіз, баяғы кеңестік жүйеден бері келе жатқан ПИК (КСК) жүйесінде ашықтық жоқ. Тұрғындардан жиналған ақшаның нақты қайда жұмсалып, не істеліп жатқаны беймәлім. Әрі ПИК қатар тұрған бірнеше үйге ортақ болуы мүмкін. Тиісті қадағалаудың болмауы салдарынан, кейбір үйлер ұзақ жыл жөндеу көрмей, тозған үстіне тоза түсуде. Сәйкесінше, атқарушы билікке де қосымша тауып береді. Өйткені, тозған үй апаттық күйге түскенде ондағы халықты қауіпсіз жерге орналастырып, баспана тауып беруді ел әкімдіктен талап етеді. Ал, үй мемлекеттің емес халықтың меншігі ғой. Қайтпек керек?
Тұрғын үй саласындағы олқылықтың орнын толытыру үшін дәл осы реформа қабылданған болатын. Президент тапсырмасы негізінде елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мүлік иелерінің бірлестіктері немесе жай серіктестік институты енгізілді. Ол бойынша, тұрғындар кондоминимумды басқарудың бірнеше түрін таңдай алады. Мәселен, пәтер саны 16-дан аспайтын үйлер өзін-өзі басқару (домком) жүйесіне арқа сүйеуі мүмкін. Ал, пәтер саны отыздан асатын үйдің тұрғындары мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құруы немесе ПИК жүйесіне қосылуы тиіс. Әрі қарай осы бірлестік қандай басқарушы компаниямен жұмыс істейтіндерін нақтылайды. МИБ төрағасын тұрғындар өздері сайлайды. Кейін төраға тұрғындардың мүддесін сотта, әкімдікте қорғау құқығын иеленеді. Қазіргі таңда Теміртау қаласында 18 МИБ тіркелген екен. Олардың қалай жұмыс істеп жатқаны туралы қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дәулет Даиров айтып берді.
- Мүлік иелері бірлестігінің тиімді тәжірибелерін қазірден-ақ бақылап отырмыз. Мәселен, Республика даңғылындағы №14 үйдің тұрғындары кондоминиумды басқарудың осы формасына өткен болатын. Төрағасы ай сайын тұрғындарға жиналған ақшаның қайда және қалай жұмсалғаны туралы есеп беріп отырады. Қаражаттың бәрі тұрғын үйді жақсартуға жұмсалып жатыр. Төлемді кешіктіретіндер мен мүлдем төлемейтіндер жоқтың қасы. Сондай-ақ, төраға қызмет көрсетуші компаниямен келісім шартқа отыруға, егер жұмыстары ұнамаса бас тартуға құқылы. Иә, МИБ тарифы өзгелермен салыстырғанда сәл қымбаттау болуы мүмкін. Бірақ, ұсынылатын жұмыс сапасы көзге анық көрінеді. Сондықтан тұрғындар да дән риза, — дейді бөлім басшысы.
Дәулет Даировтың айтуынша, қазір қалада төрт жүзге жуық үйдің басқару формасы жоқ. Иә, кейбіреулері өзін-өзі басқару (домком) жүйесіне жүгінеді. Алайда, бұл ресми мойындалған жүйе саналмайды. Сонымен қатар, жекелеген үйлер басқару формасынсыз, қызмет көрсетуші компаниялармен тікелей келісімге келген. Бұл да дұрыс емес екен.
- Қазір біздің қызметкерлер қаланы аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Иә, бұл жұмысты екі жыл бұрын бастауымыз керек болған. Алайда, бөлімнің құрылғанына жарты жылдан сәл асты. Сәйкесінше, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінде халықты қамтып, заң нормаларын жүзеге асыратын ресурс болған жоқ, — дейді Тұрғын үй инспекциясының басшысы.
Бөлім басшысының айтуынша, жұмыстар қазірден-ақ нәтиже бере бастапты. Мәселен, былтыр басқару формасы жоқ 250 үйдің жылыту маусымына дайын емес екені анықталған. Көпшілігінің жертөлесіндегі құбырлар ескіріп, тозып кеткен. Сәйкесінше, қыс айларында бұл үйлерді жылумен тұрақты қамтамасыз етуде қиындықтар туындаған. Ал, биыл бұл сан 94 үйге дейін қысқарыпты.
Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары қолданыстағы заң нормаларын жүзеге асыруға барынша күш салмаққа бекініп отыр. Бірінші кезекте тұрғындармен жиын өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер олар 2 айдың ішінде басқару формасын құру және төраға сайлауда ортақ мәмілеге келе алмаса, онда басқарушы компанияны инспекция мамандары өздері тағайындайды.
- Басқарушы компанияны таңдау үш баға ұсынысы негізінде жүзеге асырылады. Олардың тұрғын үйді басқару, қызмет көрсету саласы бойынша сертификаттары болуы тиіс. Бұл қызметпен заңды тіркеуге тұрған кез келген кәсіпкерлік нысаны айналыса алады. Ал, сертификатты арнайы оқыту орталықтары береді, — дейді Дәулет Даиров.
Қазіргі кезеңде әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар көп. Біреулер үйдің суық екенін, келесілері электр желісінің тозғанын, су сапасының төмендігін айтып жатады. Егер тұрғын үйде басқару формасы болса, төраға осы мәселенің бәрін өз назарына алуы тиіс. Сол кезде тұрғын үйді қалыпқа келтіріп, күтіп ұстау жұмыстары жүйеленеді. Әрі тұрғындар да қиындық туған кезде бірінші кезекте кімге хабарласу керегін біледі.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз