Жібек жолының міндетін онлайн БАҚ атқарып отыр – Белгиялық журналист

Журналистика шекараға бағынбайды, Түркі елдерінің медиасын дамыту үшін онлайн журналистиканың мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Белгиялық журналист Юсуф Джинал осындай пікір айтты.

«Бір кездері Жібек жолы арқылы сауда жасағандар сонымен қатар ақпарат жеткізушілер де болатын. Біз журналистер ақпаратты бір дереккөзден алып, екінші бір дереккөзге жеткізушіміз. Осы қызметті атқару барысында бізге жүктелген жауапкершілік пен зор миисия бар. Біз өзіміздің діліміздің, тіліміздің, еліміздің өкілі боламыз. Қазір Жібек жолының міндетін онлайн БАҚ өзінің міндетіне алып, атқарып отыр. Мен өзім Түркияда әрі Еуропада журналист ретінде қызмет етеміз. Өзіміздің мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, өзіміз үшін әрі Түркі мемлекеттері үшін жүрлі жоспар құрып, жүмыс істей аламыз. Әлбетте ол үшін өзіміздің қарым қабілетіміз бен білім біліктілігімізді біріктіруіміз қажет», — деді Белгиядағы www.brukseltruk.be сайтының қожайыны ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында сөйлеген сөзінде.

Оның пікірінше, Түркі мемлекеттерінің БАҚтарында бірлесіп, жұмыс істеу үшін көп мүмкіндік бар. Мәселен, бауырлас елдер медиа нарығына қажетті  кадрларды даярлап, тәжірибе алмаса алады деп есептейді.

«Біздің алдымызда үлкен мүмкіндіктер бар. Соны моральдық және материалдық тұрғыда өз пайдамызға жарата аламыз. Сол арқылы өзіміздің еліміздің дамытуға үлес қоса аламыз. Бір мысал айтайын, бүкіл әлемдегі жақұт нарығын дамыған елдің бірін Белгия құрып отыр. Жақұтты өңдеу өте қиын, жауапкершілікті талап етеді. Сол үшін мамандарды Үндістанды оқытып, тәжірибе жинатты. Бүгінде ең мықты мамандар сол елде. Журналистер үшін біз де солай жасай аламыз. Мысалы, Алматыда отырған бір журналист Еуропаның кез келген еліндегі медиада жұмыс істей алады. Яғни маңызды ақпараттарды, түркі елдеріне ортақ құндылықтарды насихаттай аламыз. Алдағы уақытта Түркі тілдес журналистері қорымен бірлесіп Еуропадағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге бірқатар жұмысты қолға аламыз. Мүндай жобаларды Түркиядағы әріптестермен бірлесіп жасап жүрміз, ендігі кезек Қазақстанда», — деді Юсуф Джинал.

Еске сала кетейік, Алматыда «Turktime: түркі мемлекеттерінің медиа бірлігі» тақырыбына  ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өтіп жатыр. Форумның ұйымдастырушылары — «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association – WFPA), серіктесі — «Шеврон» компаниясы.  Форумға Қазақстанның барлық облыс, аудандарынан, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Бельгия, Британия, Нидерланд елдеріндегі түркітілдес БАҚ басшылары, журналистер, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ЖОО журналистика факультеттерінің декандары мен оқытушылары қатысып жатыр. Форумда отандық және шетелдік медиа сарапшылар Түркі мемлекеттерінің ақпараттық ынтымақтастығы, кәсіби этика, құқық және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар контентті монетизациялау мәселелері, жасанды интеллект трендтері мен оны медиа кеңістікте қолдану тақырыбы талқыланып, тренинг өткізу көзделіп отыр.

 

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз