Теміртаулық оқушылар автобуста тегін жүре ала ма?
Облыс орталығы Қарағанды қаласында 18 жасқа толмаған оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бұл бастама бізге де жете ме? Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекбаевқа тұрғындар тікелей эфирде дәл осындай сауал қойған болатын. Облыс әкімі мұндай өзгерісті енгізу мүмкіндігі барын айтты.
Аймақ басшысына сауалған қойған қала тұрғыны «Өткен жылы сізбен болған кездесуде Оңай жүйесі енгізілген соң оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүре алатыны туралы айтылған болатын. Қазіргі таңда қалада оқушылар үшін жолақы құны — 30 теңге. Ал, облыс орталығында — тегін. Бір облыста тұратын балаларды бұлай алалау қаншалықты дұрыс?» деп сауал жолдаған болатын.
«Жалпы алғанда Теміртау қаласында әлі де болса қоғамдық көлік мәселесі бар. Оны біз мойындаймыз. Өткен жылы трамвай паркі жұмысын тоқтатты. Өйткені ұзақ жыл бойы жөндеу көрмей, іске жарамай қалған. Қазір бірінші кезекте оны қалпына келтіру мәселесі тұр. Сонымен қатар, ONAY! жүйесін енгізуді қолға алуымыз керек. Бұл көптеген субситияны қажет етеді. Осы айтылған жұмыстар ойдағыдай орындалған соң, 18 жасқа дейін балалар үшін жол ақы құнын тегін қылу мүмкіндігі бар», — дейді аймақ басшысы.
Айта кету керек, қаламызда қоғамдық көлік мәселесі — өте өзекті тақырыптың біріне айналған. Жолаушы тасымалдаушы мердігерлер мемлекеттен тиісті деңгейде субсидия ала алмай отырғанын айтады. Ал, жергілікті билік болса, қазіргі төлем жүйесінің ашықтығына күмәнді. Сондықтан, электронды төлемді енгізуді жеделдету қажеттілігін айтып отыр. Одан бөлек, «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ өз қызметкерлері үшін бөлек автобус шығаруы да қалалық жолаушы тасымалдаушылар үшін айтарлықтай салмақ салғанды. Облыс әкімінің айтуынша, бұл мәселе бойынша жаңа инвестор «Qarmet» компаниясымен ортақ мәмілеге келген.