Қасіретті жылдар жаңғырығы…

Қарағандының тарихы қаралы оқиғаларға толы. Әсіресе өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін миллиондардың жүрегіне жазылмас жара салған-ды. Бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін «жау» деген жаманат тырнағы ілінген шақ еді. Дәл сол кезеңде Қарағандының көмір алабын игеру қарқын алып, қала құрылысы қызу жүргізілді. Қуғын көріп келгендер қайла-күрекпен ауыр жұмысқа жегілді. Ал балалар… Иә, бесіктен белі шықпай жатып «жау» атанған, ата-анасынан айырылып қаңғып қалған сәбилер Компанейск колониясына жіберілді…

Майқұдықтағы облыстық балалар үйі көпшілікке жақсы таныс болса керек. Ата-ана мейірімінен жырақ қалған қаншама балаға пана болып келген бұл мекеменің тарихы сол отызыншы жылдардан басталған. Компанейск поселкесінде ашылғандықтан ел арасында «Компанейский балалар үйі» аталып кеткен. Кейін тоқсаныншы жылдары мекеме Майқұдыққа көшіріліп, мұндағы ескі ғимарат сүрілді. Қазір мұнда бір кездері балалар үйі болғанын аңғартатын белгі ретінде үйінді мен мемориалдық ескерткіш қана сақталған. Өткен күндердің естелігін білу мақсатында ұзақ жыл осы балалар үйінде еңбек еткен Татьяна Цафтпен бірге ескі жұртты аралап, естеліктерді жаңғыртып қайтқан едік.

Татьяна ханым, сіз педагог қана емес, журналист, өлкетанушы ретінде де жақсы танымалсыз. Қарағандының тарихына қатысты зерттеу еңбектеріңіз аймақтық, республикалық бұқаралық құралдарда жиі жарияланып тұрады. Оның ішінде қуғын-сүргін жылдары туралы жазбаларыңыз көп. Ол кезең туралы не айта аласыз? Сіздің өзіңізге, отбасыңызға тікелей әсері болды ма?

– Отызыншы жылдары қуғын-сүргін посткеңестік елдерде тұратын халықтың барлығына дерлік жазылмас жара салды десем, артық айтпағандық болар. Біздің әулетке келсек, менің атам да «халық жауы» деген жаламен ұсталып, Қарлагта жазасын өтеген. Ал біз «жау тұқымы» атандық. Бертінде ес біліп қалған шақта да «жау», «жау» деген түртпектеуді көп көрдік. Жастықтың әсері болар, өзім көрмеген атамды жек көрдім. Бертінде үйге біреулер арнайы іздеп келіп, атамның хабарын айтпақ болғанда қабылдамаған едім. Кейін осы әрекетім үшін өкіндім. Қалай да ол туралы дерек тауып, сүйегі жатқан жерді табамын, қабіріне тағзым етемін деген мақсат қойдым алдыма. Таптым да. Ол досымен бірге түрмеде өзіне қол жұмсаған екен. Бәлкім, солай етсек отбасымыз «жаудың тұқымы» деген айыптаудан құтылар деген болар.

Мен ұзақ жылдар бойы Долинкадағы Қарлаг музейімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келемін. Осы жердегі қызметкерлердің көмегімен атам туралы деректерді тауып, оның қабірі қайда екенін де анықтадым. Сөзімде тұрып, мазарына тағзым жасадым…

– Әңгімемізді Н.Крупская атындағы балалар үйінің тарихымен жалғастырсақ. Келер жылы 90 жылдығын атап өтетін бұл мекемеде сіз де ұзақ жыл қызмет еткен екенсіз…

– Иә, мен мұнда 17 жасымда жұмысқа орналастым. Тарихымен өте жақсы таныспын. Жалпы, Қарағанды тарихы қуғын-сүргінмен тығыз қабысып жатыр. Ең алдымен мұнда шіркеу қызметкерлері жер аударылған екен. Олар жеркепелер тұрғызып, қазіргі Сұрыптау станциясы аумағының іргесін қалады. Одан соң 1931 жылдың ақпан айында Украинадан 19 мың адам жер аударылды. Арқаның арқыраған аязында оларға жеркепе тұрғызып, панажай салып алуға 1 тәулік қана уақыт берілген екен. Содан соң жұмысқа алып кеткен. Ал 1934 жылы осы арада кәмелет жасына толмаған қылмыскерлер түрмесі жасақталды. Ойлаңызшы, сол түрмеде әйгілі 58-баппен сотталған 10 жастағы (!) бала болған. Ойын баласының өзіне аса ауыр саяси айып таққан болып тұр ғой. Әрі ол түрмеде балалар үшін ешқандай жағдай ойластырылмаған еді. Олар суық, сыз жеркепеде аш-жалаңаш жатты. Түрлі ауру дендеп, өлім-жітім көп болды.

Сол 1934 жылы Ленинградта білім саласы қызметкерлерінің съезі өтіп, Надежда Крупская балалар колониялары мен жалпы заманауи совет мектептеріндегі білім мәселесін қозғайды. Осы жиыннан соң жас коммунист Дмитрий Архипов Қарағандыға жолдама алған. Ол әйелімен бірге Компанейск поселкесіне келген кезде, мұнда жеті жүзден астам бала бар еді. Ал оларға небәрі үш-ақ адам жауапты болған, олар: Д.Архиповтің өзі, әйелі және қарт завхоз Михалыч.

Жағдаймен толық танысқан соң Д.Архипов Мәскеуге хат жазып, Надежда Константиновнадан көмек сұрайды. Көп ұзамай мұнда 2 вагон қажетті жабдық және бір топ маман жөнелтілген. Онан соң балалар колониясы балалар үйі болып қайта құрылады.

– Әу баста кәмелет жасына толмаған қылмыскерлер колониясы болып ашылса, мұндағы балалармен тіл табысып, тәрбиеге көндіре қою да оңай болмаған шығар?

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл жерді паналаған балалар ұзақ уақыт ересектердің қамқорлығынсыз, тәрбиесіз өсті ғой. Арасында күнкөріс үшін ұрлық жасаған, қылмысқа барғандар да көп болды. Дмитрий Архипов алғаш келген шақта ол кісіге тәртіп орнату оңай болмаған. Көптеген қиындық көрді. Әсіресе ұрлық өте көп еді.

Балалар үйі аумағында ыдыс-аяқ, жиһаз әзірленіп, сатылымға шығарылатын. Соның есебінен азық-түлік, киім сатылып алынды. Балалардың жағдайы да біршама жақсара бастайды. Жеке бау-бақшалары да болған. Бірде сол бақшадағы картопты сатқан соң, түскен табысқа бір арба қарбыз әкелінеді. Жоспар бойынша, оның бір бөлігі сатылымға шығарылуы тиіс еді. Алайда ертеңіне мекеме қызметкерлері қойма есігінің бұзылып, қарбыздардың қолды болғанын анықтайды. Д.Архипов – өте білікті педагог әрі жанашыр жан ғой. Егер бірден НКВД өкілдеріне хабар бергенде, үлкен шу болып, айыптылар бірден қатаң жазаға тартылар еді. Бірақ олар қылмысты өз күштерімен ашуды жөн көреді. Көп ұзамай айыптылар да табылып, жоғалған қарбыздың бір бөлігі қайтарылды. Сол оқиғадан соң балаларды бастап жүрген Леня Теньков пен Дмитрий Архипов арасында ұзақ әңгіме болып, ұрлықты тоқтату туралы келісім жасалған. Леня Теньковтің балалар арасында беделі өте жоғары болғандықтан, оның басшылықпен келісімге келуі тәртіп орнатуға көп септігін тигізген.

1937 жылы Д.Архипов Қарағанды қалалық білім бөлімінің алғашқы басшыларының бірі болып қызметін ауыстырды. Оны балалар үйінің тұрғындары мен ұжымы қимастықпен шығарып салған болатын. Ал Леня Теньков Ұлы Отан соғысы басталған тұста майданға аттанып, сол жақта қаза болды. Жалпы, 1940-1941 жылғы түлектердің барлығы майдан даласынан оралмады…

– Өзіңіз қызмет еткен жылдар туралы не айтасыз?

– Әлгінде сөз басында жұмысқа 17 жасымда орналасқанымды айтқан едім. Мұнда түрлі лауазымда еңбек етіп, тәрбиешілікке дейін өстім. Шыны керек, менің тобымда өте қиын балалар болды. Оларды ақыл айтумен, жай сөзбен жөнге сала қою қиын еді. Себебі қылмысқа жақын балалар күштіден ғана именіп, күштіні ғана сыйлайтын. Арасында қаталдық таныту қажет болды. Таныттық та. Содан да болар, менің тобымда ұдайы тәртіп болатын. Бірақ соның өзінде мен үшін аса ауыр әсер еткен бір жағдай болды.

Бірде білім жетілдіру мақсатында оқуға кеттім. Қазіргіндей күнделікті хабар алып тұратын заман емес қой. Оқуымды тәмамдап, соңғы сынақтарды тапсырып жатқан кезімде, неге екенін, көңілім балалар үйіне ауды. Жаным тыныштық таппаған соң сөйлесу пунктіне барып қоңырау шалып едім, телефонды директордың өзі көтерді. Даусы сынық. Менің «бәрі дұрыс па?» деген сұрағыма: «Келген соң білесің», – деп шолақ қайыра салды. Оқуым біткен соң, бірден салып ұрып балалар үйіне келдім. Сөйтсем, қылмыс, қылмыс болғанда да қанды қылмыс орын алған екен. Менің тобымдағы баланы асқан қатыгездікпен екі қатарласы өлтіріп тастапты. Мәйітті мектептің шатырынан тапқан. Әлгі екеуі 10 жыл мерзімге сотталып кетті. Көзін ашқалы көше тәрбиесін көріп, мейірімнен жұрдай өскен байғұстар кәмелетке толмай жатып түрмеге қамалды. Бертінде сол қылмыскерлердің біреуін Қарағанды вокзалынан кездестіріп қалдым…

– Балалар үйінің түлектері кейін ержетіп азамат атанған соң мұнда қайта айналып соқты ма? Өздері өскен ортамен байланыстары қалай?

– Әрине, бұл жер олардың үйі еді ғой. Түлектеріміз бұрынғы одақтас республикалардың түкпір-түкпіріне кетіп, жеке өмірлерін құрды. Осыдан 10 жыл бұрын балалар үйінің ашылуына 80 жыл толуына орай жиналып, ескі ғимараттың орнына ескерткіш орнатып кетті. Мемориалдық тақтаға сонау ашылған күннен былай қарай осы жерде еңбек еткен директорлардың есімі, тәрбиешілердің аты-жөні және сол шақтың суреттері орнатылған.

– Қазір бұл Компанейск балалар үйінің мұрагері – ерекше даму қажеттілігі бар балалардың облыстық үйі. Ол мекемемен байланыстарыңыз бар ма? Өткенге құрмет таныту, бүлдіршіндерге тарихты үйрету қалай ұйымдастырылған?

– Әрине, өте тығыз байланыс бар. Жаңағы айтып өткен мемориалдық ескерткіш алдында жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай шаралар ұйымдастырылып, оның айналасын тазарту жұмыстары жүргізіліп тұрады. Біз де өз тарапымыздан балалар үйіне барып кездесу өткізіп, концерт қойып береміз. Сондай-ақ өткен ғасырдың сексенінші жылдарында музей құрылған болатын. Ол әлі күнге жұмыс істеп тұр. Сол музей қоры бізге өткен күндерді, қасіретті жылдарды ұмытпай, есте сақтауға мүмкіндік береді.

Келесі жылы балалар үйінің ашылғанына 90 жыл толмақ. Бұл балалар үйі – қаланың төл құрдасы. Қазірдің өзінде осы атаулы датаға дайындық жұмыстары басталып кетті.

– Уақыт бөліп тарихтың қатпарлы сәттерін бөліскеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан: Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз