Өндірісте мүгедек болып қалған жігіт: «Он жыл үндемей келдім…»  

Өткен аптада газетімізде «Ақтауда адам өлімі: қайғылы оқиға қашанға дейін жалғаспақ?» деген мақала жарияланған болатын. Жазылған жайдың жаңғырығы ретінде, редакциямызда осы кәсіпорында жұмыс істеген жандар хабарласып, өздері көрген әділетсіздік жайын айтып берді. Солардың бірі –  көпшілікке «Непьющий сапожник» шеберханасы арқылы танылған Виталий Саврей.

Қайғылы оқиға орын алған кезде мен небәрі 18 жаста ғана едім. Ауылда туып-өстік. Еңбекке ерте араласып, Ақтаудағы цемент зауытына жұмысқа тұрдым. Сенсеңіз, бізге ешкім техникалық қауіпсіздік ережелерін үйреткен жоқ. Бар болғаны бір қағаздарға «таныстым» деп қол қойдырып алды, болды. Мен монтажник ретінде жұмысқа қабылдандып, бірақ қаражұмысшының міндетін атқардым. Жұмыс барысында сол аяғымды «транспортерный шнек» қысып қалды. Сол тұста бізге тіпті арнайы жұмыс киімін де бермей, әркім өзінде барын киіп жүретін еді. Мен аяғыма цемент ұнтағы құйылмас үшін қалың етіп киіп, оның сыртынан шалбардың бауын қатты тартып, байлап алып жүрдім. Егер аяғымда жұмысшы етік болғанда, бәлкім мұндай трагедия болмас та еді, — дейді Виталий.

Осы оқиғадан соң ол бірнеше операцияны бастан өткеріп, жылға жуық уақыт ем қабылдайды. Аяғын кесіп тастаған. Әу баста мердігер компанияның басшысы жалбақтап, барлық жағдайын жасап беруге уәде еткен екен. Бірақ, ауруханадан шыққан соң, оны кеудесінен кері итеріп, қуып шығыпты. Осыдан соң ұзаққа созылған сот процесі өтіп, мердігер өтемақы төлеп беруге міндеттеледі. Бірақ, әлі күнге дейін өз жауапкершілігін толық орындамапты. Орындағаны былай тұрсын, компаниясын жауып, өзі шет елге кетіп қалуға да қам қылған екен. Ал, Виталий болса мүгедек екенмін деп отырып қалмай, кәсіп ашып, елдің жыртылған етігін жамап күнелтуде. Спортты серік етіп, алға нық сеніммен қарайды. Өзі тәрізді жарымжан жандарды жанына алып, үйретуден де қашпайды екен.

Ақтаудағы цемент зауытының қожайындары шетелдіктер ғой. Өзге елдің азаматы бұл елдің тұрғындарының жағдайына бас ауыртсын ба? Олардың ойлағаны табыс табу. Сондықтан, өндірістегі барлық келеңсіздіктерге мердігерлер жауап беретіндей қылып шарт жасап қойған. Яғни, мердігер ұйым зауытпен келісіп, жұмыс істейтін болса, осы талапқа көнуі керек. Менің де жағдайымда осылай болды. Кейін оқыс оқиға орын алғанда зауыт басшылығы мені де, мердігерді далаға тастады. Он жыл үндемей, төзіп келдік қой. Оңалып кеткен жағдай жоқ. Кеше ғана тағы бір жерлесіміз қайтыс болды, — дейді Виталий.

Оның бұл сөзін осы зауытта жұмыс істеп, кейін «қара тізімге» ілінген Сергей Мухамеджанов та қолдап отыр. Айтуынша, зауыттың шетелдік басшылары жабдықтардың әбден тозғанын жақсы біледі. Сондықтан, қандай да бір қайғылы оқиғалар орын ала қалса, жауап бермеу үшін, жұмысшыларды мердігер компанияларға ығыстырып, жауапкершілікті де соларға ысыра салған.

— Құрал жабдықтың бәрі ескі. Тіпті, сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында Германиядан әкелінген жабдықтар әлі күнге дейін қолданылып келеді. Олар өздеріне тиесілі қызмет ету мерзімінен баяғыда шығып кеткен. Бірақ, пайда табуды көздеген инвесторлар жаңа құрылғы алуға қаражат жұмсағысы келмейді. Сондықтан, қызметкерлердің жауапкершілігін мердігерлерге ысыра салып, құтылып кеткілері келеді. Бірақ, бұлай болмайды ғой. Жұмысшылар еңбек ететін жабдықтар – зауыттікі. Тапсырманы зауыт басшылығы береді. Пайданы да солар көреді. Сөйте тұра, жауапкершілік алғысы келмейді, — дейді Сергей Мухамеджанов.

Сергейдің айтуынша, цемент зауытында бұған дейін де бірнеше мәрте қайғылы жағдайлар тіркелген екен. Тіпті, кәмелет жасына толмаған 17 жастағы баланы жұмысқа алып, кейін ол оқыс оқиға салдарынан көзжұмған да оқиға болыпты. Ал, зауыт басшылығы болса, сол кезде де жауапкершіліктен құтылып кеткен.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өндірісінде жұмысшылар қаза болғанда еңбек қауіпсіздігі талабын күшейтіп, кәсіпорындарда жұмыскерлерге қолайлы жағдай жасауды тапсырды ғой. Президенттің тапсырмасы, тек, осы өндіріске ғана берілген жоқ шығар. Аймақтағы барлық кәсіпорындарда жұмысшылардың жағдайы дұрыс болуы керек. Мәселен, С.И.Кан қаза болған пеште бұған дейін де дәл сондай оқыс жағдай орын алғанды. Аброй болғанда, ол кезде адам өлімі болмады. Жұмыскер аман қалды. Ал, кәсіпорын басшылығы қауіпті құрылғыны ауыстырудың орнына, айналасын қоршап қойды. Әбден тозған құрылғы кезекті рет сыр бергенде бір отбасын асырап отырған азаматтың өмірін жалмады, — дейді Сергей.

Оның айтуынша, өзі зауытта еңбек етіп жүрген кезде басшылыққа цехтағы шаң-тозаңның тым көп екенін, соның кесірінен жұмысшылар денсаулығына орны толмас зиян келетіні жайлы ескерту айтқан. Сол үшін «қара тізімге» ілініп, жұмыстан кетіпті.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз